Күн батареясымен ұшатын Solar Impulse 2 ұшағы Калифорнияға қонды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күн сәулесінен қуат жинап ұшатын Solar Impulse 2 әуе көлігі Тынық мұхитының үстімен үш күн ұшып, Сан-Франциско қаласына барып қонды, деп хабарлады www.24.kz.

Гавайи аралдарынан АҚШ-қа жету үшін ұшақ шамамен 4 мың шақырымды бағындырған. Ол Жер шарын толықтай бір айналып шығу үшін өткен жылдың наурыз айында Біріккен Араб Әмірліктерінен көкке көтерілген. Алайда Жапониядан Гавайиге келер жолда ұшақтан ақау шығып, 8 ай жөндеуге тұрды. Оның қанаттарында 17 мыңға жуық күннен куат алатын батареялар қондырылған. Соның көмегімен олар қозғалтқышты айналдырып қана қоймай, оның түні бойы тоқтамай ұшуына қуат жинайды. Инновациялық ұшақты Бертран Пикар мен Андре Боршберг есімді ұшқыштар басқарады.