- Әсел, үлкен табысқа кенелгенің құтты болсын. Әлемде жоғары бағаланған шахмат спортында өз өрнегіңді қалыптастырып келесің. Өзің қатысқан жарыс қандай деңгейде өткізілді?
- Шынын айтқанда, әлемдік бәсеке тартысқа толы болды. Бұл шахматтың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе, Үндістан, Ресей және өзге елдерден келген қатысушылар кездесу барысында жақсы қырынан танылды. Ал қазақстандық ойыншылардың жетістігі - бапкерлердің еңбегі.
Дүбірлі додада барлық елден келген спортшылардың дайындығы жоғары екені аңғарылды. Әлем чемпионатында қыздар арасында 66 шахматшы бақ сынады. Нәтижесінде мен күміс жүлдегер атанып, оған қоса маған «гроссмейстер» атағы берілді.
- Биыл сенің Польшада өткен әлем чемпионатына қатысқаныңды білеміз. Сол жарыс жөнінде айта кетсең.
- Иә, биыл Польшада өткен әлем біріншілігіне қатысқан едім. Онда әлемнің 50 елінен 200-ге жуық спортшы қатысты. Жарыста бесінші орыннан көріндім. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Александра Горячкина, Екатерина Логно сияқты әлемдегі мықты әйелдермен шахмат тақтасында кездестім. Бірін ұтсам, бірімен тең түстім. Мен үшін оларды жеңуден гөрі тәжірибе жинақтағаным зор мақтаныш. Ең қиын ойын Александра Костенюкпен болды. Тең түстік.
- Астаналық Дәрмен Сәдуақасов 1999 жылы 20 жасқа дейінгі жастар арасында Әлем біріншілігінің жеңімпазы атанды. Одан бергі жылдарда елімізден мұндай атаққа қол жеткізген Ринат Жұмабаев, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нақбаева сынды спортшылар бар.
- Өзің қазірге дейін қандай жетістікке жетіп үлгердің?
- Мен биыл жиырма жасқа толдым. Айта кетерлігі, облыста «гроссмейстер» атағына қол жеткізген тұңғыш спортшы екенмін. Осыған дейін түрлі жас деңгейінде 3 дүркін Әлем, 7 дүркін Азия чемпионы атандым. Оған қоса жастар мен жасөспірімдер арасында елімізде 17 дүркін жеңіс тұғырынан көрінген болатынмын.
- Шахматпен қай кезден бастап айналысып келесің?
- Мен мектеп табалдырығын аттаған жылы білім ордасында шахмат үйірмесі ашылған еді. Шахмат мені баурай түсті. Отбасында барлығы менің таңдауыма қолдау білдірді. Атам Серікбай күнде түстен кейін үйірмеге апарып, алып келетін.
Шахмат әрбір спортшыдан ұқыптылықты, жауапкершілікті, қырағылықты талап етеді. Әрбір ойын тасын орнымен қозғауың тиіс. Мүлт кеткен қозғалыс кешірмейді. Мен бапкердің үйреткен тәліміне зейін қойдым. Бапкерлер көптеген жарыстарға алып барды.
Отбасымда менен басқа шахматқа ерекше қызығушылық білдірген ешкім жоқ. Әкем аздап біледі. Бірақ, онша құмар емес. Ал атам мен үшін оны үйренуге тырысты.
Расында, алғашқы күннен болашағымды шахматпен елестеттім. Қазір тәулігіне сегіз сағаттай уақытымды жаттығуға бөлемін. Шахмат менің өмірімде үлкен орын алады. Сол арқылы көптеген елді, жерді көрдім.
Жер шарындағы сан алуан халықтың тілі мен дәстүріне көз салып, ой-танымым арта түсті. Шыдамдылықты үйрендім, логикалық ойлануға жол ашты. Көптеген дос таптым.
- Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу жоспарда бар ма?
- Мен биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша тәмамдадым. Алдағы қаңтар айынан бастап Қызылорда қаласында шәкірт тәрбиелеуді ойластырып отырмын.
Өзім сияқты шахматқа қызығатын жастармен кездесу, өз тәжірибемді бөлісу, шыны керек, ерекше күйге бөледі. Кішкентай балалардың қызығушылығын, шахматты үйренуге деген ұмтылысын байқаймын.
Дегенмен бұл спорт шыдамдылықты, жауапкершілікті, бастысы логиканы талап етеді. Сол себепті кішкентай жеткіншектерге, ең алдымен оқуға көңіл бөліп, ойлау қабілетін дамыту керектігін айтқым келеді.
- Алда қандай тартысты бәсекелер күтіп тұр?
- Енді қараша айында Азия чемпионаты болады. Оған еліміздің білікті спортшылары қатыспақ. Сол жарыста ел намысын абыроймен қорғап қайтсам деген мақсатым бар.
- Италиядан туған жерге оралған күні жерлестерім үлкен қошеметпен күтіп алды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөз сөйлеп, өңірдегі шахмат спортының дамуы жайында сөз қозғады.
«Әселдің жеңісі - барша қазақ елінің жеңісі. Біз әлем біріншілігінде ел абыройын асқақтатқан қызымызды мақтан тұтамыз» деп жылы лебізін білдірді.
Барша қолдаушыларыма алтын уақытын бөліп, маған қолдау білдіргені үшін рақмет айтамын. Әрбір жеңіс сыйлағаным үшін өте қуаныштымын. Бұл жеңіс – маған қолдау білдірген барша қазақ елінің жеңісі, қуанышы деп түсінемін.
- Әңгімеңе рақмет.