Күн суықта жалаңбас жүру қандай ауруларға шалдықтыруы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Күздің соңғы айы – қарашаның жартысы өтіп, қыс жақындағанымен, көшеде бас киімсіз жүретін кісілерді жиі көреміз. Мұндай жағдайға кейде тіпті қыста да куә болып жатамыз. Күн суықта жалаңбас жүру қандай сырқаттарға себеп болатынын дәрігерден сұрап, анықтаған едік.

Фото: Kazinform / ЖИ

Елордадағы №9 қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Әсел Қарасаеваның сөзінше, суық мезгілдерде, әсіресе қыста аяқ-қолды ғана емес, басты да суықтан қорғау маңызды.

– Бас киімсіз көшеге шығу адам ағзасына бірқатар физиологиялық өзгерістер әкеледі. Себебі, суықта ағза жылуды жоғалтпау үшін қан тамырларын тарылтады, тері мен бастың сыртқы бөліктеріне баратын қан айналымы азаяды. Адам денедегі жылуды жоғалта бастайды. Егер ағза жоғалтқан жылуын қалпына келтіре алмаса, дене температурасы төмендей бастайды. Дене температурасының төмендеуінен дене қатты қалтырайды, адам әлсіреп, тез шаршайды, қозғалыс үйлесімділігі бұзылады. Ойлау қабілеті төмендейді, ауыр жағдайда адам есінен танып қалады. Қатты жел мен аяз кезінде, құлақ, маңдай, самай және бас терісі тез тоңады. Құлақтың теріасты май қабаты жұқа болғандықтан қызару, шаншу, ұю, терінің бозаруы, сезімталдықтың төмендеу белгілері байқалады. Ауыр жағдайда үсік пайда болады, – дейді дәрігер.

Сонымен қатар, суық ауа салдарынан мұрынның шырышты қабаты тітіркеніп, мұрыннан су ағу, бітелу сияқты белгілер күшейеді. Тыныс алу жолдарының қорғаныс жүйесі төмендеп, түрлі инфекциялық қоздырғыштарды қабылдау қаупі артады. Соның кесірінен бактериялық немесе вирустық инфекциялардан туындайтын қабыну аурулары пайда болады. Атап айтқанда, олар:

  •  Ринит – мұрынның шырышты қабатының қабынуы;
  • Синусит – мұрын маңы қуыстарының қабынуы;
  • Отит – құлақтың қабынуы;
  • Менингит – мидың жұмсақ қабығының қабынуы.

Одан бөлек, халық арасында кең жайылған дерттердің бірі – гайморит. Әсел Қарасаеваның түсіндіруінше, гайморит – жоғарғы жақ сүйегіндегі гаймор қуыстары шырышты қабатының қабынуынан болатын синуситтің бір түрі. Қалыпты жағдайда мұрын қуысы мен қосалқы қойнаулардың шырышты қабаты шырыш бөліп, тыныс алу жолдарына түскен шаң-тозаң мен микроорганизмдерді сыртқа шығаруға көмектеседі. Ал қабыну кезінде шырышты қабат ісінеді, қойнаулардың мұрын қуысымен байланысатын тесіктері тарылып, шырышты бөліндінің сыртқа шығуы қиындайды. Қуыстарда қабыну үрдісі асқынады. Нәтижесінде, мұрын бітеліп, бет тұсы ауырады және иіс сезу төмендеп, мұрыннан сұйықтық ағады.

– Күн суықта бас киімсіз жүру – денсаулыққа немқұрайлы қараудың бір көрінісі. Әсіресе, қатты аязда, желді күндері бас киімсіз жүру құлақ пен бас терісінің үсуіне, бас ауруына және ағзаның тоңуына себеп болуы мүмкін. Бас киім кию - аурудан сақтанудың қарапайым әрі маңызды жолы. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығы бар. Сондықтан қыста сәннен бұрын денсаулықты ойлап, бас киім киюді ұмытпаған абзал, – деп кеңес берді дәрігер.

Айта кетейік, бұған дейін суық тигенде антибиотик неге көмектеспейді және оны өз бетінше қабылдау несімен қауіпті екенін жазғанбыз.