Күн жүйесінен тыс тіршілік иесінің ізі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жуырда ғалымдар Джеймс Уэбб ғарыш телескобының көмегімен Күн жүйесінен тыс ғаламда тіршіліктің болуы мүмкін екенін меңзейтін қазірге дейінгі ең айқын дәлелді тапты. Шалғайдағы экзопланета атмосферасынан тіршіліктің «химиялық ізі» анықталды.
Lianhe Zaobao басылымының хабарлауынша, Уэбб ғарыш телескобы K2-18 b деп аталған экзопланета атмосферасының құрамынан диметилсульфид (DMS) және диметилдисульфид (DMDS) газдарын анықтаған. Газдың аталған екі түрін Жерде негізінен микроағзалар, мысалы, теңіз фитопланктондары (балдырлар) бөліп шығарады. Зерттеушілердің айтуынша, бұл жаңалық аталған планетада микробтық тіршіліктің болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Алайда олар мұны Жерден тыс тіршілік иесінің табылғаны туралы бұлтартпас дәлел деп емес, тек ықтимал биосигнатураның – биологиялық процестің көрсеткішінің анықталғаны деп қабылдау керектігін айтады. Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық аса байыппен қарап, қосымша бақылау жүргізуді қажет етеді. Соған қарамастан зерттеушілер бұл жаңалықты жүрекжарды қуанышпен сүйінішілеп жеткізді.
- Бұл – Күн жүйесінен тыс ғаламнан тіршілік иесін іздеу үдерісіндегі бетбұрысты сәт. Біз қолда бар құрылғылар арқылы да тіршілікке ықтимал қолайлы планеталардан биосигнатуралар анықтай алатынымызды дәлелдедік, - деді Кембридж университеті Астрономия институтының астрофизигі Никку Мадхусудхан.
Белгілі болғандай, K2-18 b планетасының массасы Жерден 8,6 есе, ал диаметрі шамамен 2,6 есе үлкен. Ол қызыл ергежейлі жұлдызды айнала қозғалады және «тіршілікке қолайлы аймақта» орналасқан. Нақтырақ айтқанда, аталған ғаламшарда тіршілік нәрі саналатын сұйық судың болуы әбден мүмкін. Өйткені бұған дейін оның атмосферасында метан мен көмірқышқыл газының бар екені расталған болатын. Ал бұл жолы табылған биомаркер молекулаларының концентрациясы Жер атмосферасынан әлдеқайда жоғары. Ғалымдар онда тіршіліктің бар екеніне 99,7% сеніммен қарап отырғанын айтады.
K2-18 b-тің «кіндігі байланған» қызыл ергежейлі Күннен кішірек әрі күңгірттеу. Ол Жерден шамамен 124 жарық жылы қашықтықта, Арыстан шоқжұлдызында орналасқан. Қазіргі күнде бұл жұлдыздың тағы бір планета-серігі бар екені анықталды.
Бұған дейін Қытайдың астероидқа қарсы қорғаныс жүйесін құруға кіріскенін жазған болатынбыз.