Күнделікті қызмет бабында да қазақтың ұлттық киімін киюді дәстүрге айналдыру қажет - депутат Л.Хочиева
17:30, 14 Қыркүйек 2010
АСТАНА. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті қызмет бабында да қазақтың ұлттық киімін киюді дәстүрге айналдыру қажет. Бүгін «Нұр Отан» ХДП-ның бас кеңсесінде «Халықтың бірлігі - елдің табысты дамуының кепілі: этникааралық келісімді дамытудағы партияның басымдықтары» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» отырысында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Людмила Хочиева осындай ұсыныс жасады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жақында мен Малайзия еліне барып, ондағы халықтың патриоттық рухына таң қалдым. Бұл мемлекеттегі Үкімет те, Парламент те, жалпы, барлық мемлекеттік қызметтегі азаматтар аптасына бір рет жұмысқа ұлттық киім киіп келеді. Бізде болса, Наурыздың өзінде барлық адамдар ұлттық киімді кие бермейді. «Нұр Отан» осы мәселеге назар аударып, айына бір рет болса да, барлығымыз қазақтың ұлттық нақыштағы киімін киетіндей бір шешім шығарса деген ұсынысым бар. Бұл жас ұрпаққа үлкен үлгі, «Бір ел - бір тағдыр» ұранына қосылған үлкен үлес болмақ», - дейді халық қалаулысы.