Құнды дағдылары бар мамандарға В9 визасы берілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Құнды дағдылары бар шетелдік мамандарға Қазақстанда тұрақты тұруға құқық беретін В9 визасын енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Сыртқы істер министрлігі Қазақстан үшін құнды дағдылары бар мамандарға тұрақты тұруға құқық беретін В9 визасын енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Түзетулер заң жобасы шеңберінде көзделген. Қабылданып жатқан іс-шаралар технологиялардың трансфертін және ұлттық кадрларды даярлауды қамтамасыз ететін кәсіби біліктілігі жоғары дәрежесі бар тапшы кәсіптер бойынша шетелдік мамандарға баса назар аудара отырып, білікті еңбек мигранттарын Қазақстанға тартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтеді вице-премьер жауабында.

Тамара Дүйсенованың атап өтуінше, ел экономикасына сұранысқа ие мамандарды тарту мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында.