Құны – 29,8 млрд теңге: СҚО-да пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Ақжар, Есіл, Тимирязев, Уәлихан аудандары мен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның жер пайдаланушылары Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 45 жер учаскесін ұзақ уақыт бойы мақсатына сай пайдаланбаған.
СҚО прокуратурасы мәліметінше, Петропавл қаласында кәсіпкерлік субъектісі Кодекс талаптарына қайшы түрде үш жыл бойы коммерциялық мақсатқа арналған, жалпы ауданы 123 гектар болатын жер учаскесін пайдаланбаған.
Прокурорлық қадағалау актілері негізінде жалпы ауданы 33,2 мың гектарды, кадастрлық құны 29,8 млрд теңге болатын 36 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қайтарылған жерді адал ниетті жер пайдаланушыларға беру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында ауыз сумен қамту мәселесін шешу үшін ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі 9 ірі жобаны іске асырып жатыр.