Күні бойы көлікте жүретіндер дұрыс тамақтануы қажет - мамандар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көптеген адам қазір көліктен түспейді. Күніне бірнеше сағат бойы рульден ажырамайтындардың көбіне асқазаны ауырып, түрлі сырқаттар «жабыстырып» алады. «Ауру астан...» дегендей, мұның көбі дұрыс тамақтанбағаннан болады.

Күні бойы көлікте жүретін жандар, бұйырған тамақты жеуге мәжбүр. Мұндайда, фастфуд өнімдері тез табыла кетеді. Ал, әрбір жүргізушінің көлігінен газдалған сусынның ыдысы табылатыны құпия емес. Бұл білінбей келіп біздің денсаулығымызды құртып жатқаны мамандарды қатты алаңдатып отыр.

Диетологтар, бұған бейжай қарамай, дұрыс тамақтануды дереу қолға алу қажеттігін айтады. Әсіресе, үйден таңғы асты ішіп шығу қажет. Ал жолға 1,5 литр газдалмаған су алып шығу керек.
Егер таңғы ас ішуге үлгермесеңіз, онда бір бөтелке йогурт пен азғантай жеміс жидек және бөлке алып шығыңыз. Көлікте тұздалмаған крекер немесе нан бөліктерін алып шығуға болады. Ал су міндетті түрде, әсіресе жазда, сіздің қасыңызда болуы тиіс. Өйткені, шөл басты ауыртып қана қоймай, қырағылықты төмендетеді.
Егер көлікпен ұзақ сапарға шығар болсаңыз, өзіңізбен бірге алып шығатын тағамдардың тізімін жасаңыз. Сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмекті, әсіресе, іштің өтуін тоқтататын дәріні ұмытпаңыз.
Тағамдардың бұзылып кетуіне жол бермейтін тоңазытқыш-сөмке сатып алаңыз.
Дәрігерлер жолда тұзды тағамдар жеуге кеңес бермейді. Мысалы, чипс, тұзды жаңғақ және т.б тұзды өнімдерден бас тартыңыз.
Жолда арнайы уақыт бөліп, дене жаттығуларын жасап тұрған жөн.