Күніне 800 гр көкөніс пен жеміс-жидек жеу - өмірді ұзартады
05:13, 24 Ақпан 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәулігіне 10 порция көкөніс пен жеміс-жидек тұтыну өмірді ұзартады, деп санайды ғалымдар.
Лондондағы Imperial college ғалымдары осы кеңеске құлақ түру арқылы жылына 7,8 млн мезгілсіз өлімнің алдын алуға болатынын айтуда.
Бір порция дегеніміз - 80 грамм. Бұл - кішігірім банан, алмұрт немесе үш шәй қасық шпинат пен асбұршақтың салмағы. Тіпті аз мөлшердегі жеміс-жидек пен көкөністің денсаулыққа пайдасы орасан. Адам оларды неғұрлым көбірек тұтынса, соғұрлым пайдалы.
Күніне 200 грамм көкөніс пен жеміс-жидек жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұму қаупін 13%, қатерлі ісіктің дамуын 4%, мезгілсіз өлімді 15% азайтады. Тәулігіне 800 грамм көкөніс пен жеміс-жидек жүрек-қан тамырлары ауруларынан қаза табуды 28%, қатерлі ісіктің дамуын 13%, мезгілсіз өлімді 31% азайтады.