Күніне 5 кесеге дейін кофе ішу пайдалы болуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Ғалымдар бұл денсаулығы мықты ересектерге қатысты болжам екенін айтады. Жүрек аурулары, қант диабеті және пестицидтердің әсері бойынша жүргізілген зерттеулер осыны көрсетеді, деп хабарлайды DW.

Фото: pixabay.com

Шамамен 150 жылдан бері кофенің адам ағзасына әсері үлкен пікірталас тудырып келеді. Осы уақыт ішінде бұл сусынға деген көзқарас бірнеше рет өзгерген.

Америкалық жүрек қауымдастығының (AHA) соңғы мәліметтеріне сәйкес, кофеинді қалыпты мөлшерде тұтыну, яғни күніне 400 миллиграмға дейін кофе ішу дені сау ересектердің көпшілігі үшін қауіпсіз ғана емес, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуы мүмкін. Қауымдастықтың есебінше, бұл шамамен көлемі 240 миллилитр болатын 3-5 кесе қара кофеге тең.

Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі басқармасы (EFSA) да дені сау ересектер үшін тәулігіне 400 миллиграмға дейін кофеин тұтынуды қауіпсіз деп санайды. EFSA бағалауынша, 200 миллилитр сүзілген кофеде шамамен 90 миллиграмм кофеин, ал 60 миллилитр эспрессода шамамен 80 миллиграмм кофеин болады. Ал жүкті әйелдерге тәулігіне 200 миллиграмнан аспау ұсынылады.

Белгілі бір сырқаты бар және дәрі-дәрмек қабылдап жүрген адамдар үшін кофе мөлшері жеке есептелуі мүмкін. Кофе ішкеннен кейін жүрек соғысы мен қан қысымының уақытша жоғарылауы, сондай-ақ жүрек қағуы немесе мазасыздық сезімі кей адамдарда қысқа мерзімді белгілер ретінде байқалады. Майнц университетіндегі кардиология орталығының маманы Омар Хахадтың пікірінше, ағза кофені тұрақты тұтынуға біртіндеп бейімделеді.

— Көптеген зерттеулер кофені үнемі ішетін адамдарда оны өте сирек ішетін немесе мүлде ішпейтіндерге қарағанда 2-типті қант диабетінің даму қаупі төмен екенін көрсетті, — дейді Германияның тағамтану институтының маманы Маттиас Шульце.

Бұл байланыс кофеинсіз кофені тұтынған адамдарда да байқалған. Кофеден мүлде бас тартумен салыстырғанда, күніне 6 кесе кофе ішу қант диабетінің даму қаупін статистикалық тұрғыдан шамамен 33 пайызға төмендеткен.

— Бұл әсер кофеиннің өзінен емес, кофенің құрамындағы басқа компоненттерден болуы мүмкін, — деп болжайды Шульце.

Алайда ғалымдар зерттеу нәтижелерін «кофе ішуге арналған рецепт» ретінде қабылдамауға шақырады. Себебі ұзақ әрі салауатты өмір сүруге кепіл болатын, барлығына бірдей жарамды ғылыми негізделген әмбебап ұсыныстар жоқ.

Бұған дейін АҚШ ғалымдары кофенің қартаюды баяулатуға ықтимал пайдасын түсіндірді.