— Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ?
— Қытай Халық Республикасының Қаба ауданында тудым. Атажұртқа өткен жылдың тамыз айында әйелім, ұлым, келінім мен немерелерім көшіп келдік. Сол уақыттан бері Өскемендегі Шығыс ауылында тұрып жатырмыз.
— Сабын жасау идеясы қалай келді?
— Бұл идеяны жергілікті азамат Серікбек Райханның кеңесімен іске асырдым. 2 млн теңгеге Алматыдан станок алдырдым. Оның өзі бірнеше сайманнан, ауыр темірден тұрады. Алғашында қиындау болды. Сабын үгітіліп, ойдағыдай шықпады. Сонда да тауымды шақпай, сағымды сындырмай істей бердім. Уақыт өте келе үйреніп кеттік.
— Күніне қанша сабын жасайсыз?
— Барлығы үш адам — ұлым Есхат Жігер мен күйеубалам Айдын Қасиланмен бірге жұмыс істейміз. Күніне 1000 сабын шығады. Шағын контейнер сатып алып, үй ауласына орнатқанмын. Соның ішінде жасаймыз. Ішін жылы етіп қаптап, тоқ пеш қойдым. Бастысы, су өтпейді. Жұмысты таңертең бастаймыз. Кір сабын — тоң май, сұйық май және каустик содасынан дайындалады. Тоң майды қайнатып, станокқа құямыз. Барлығы нақты градуспен өлшенеді. Кір сабын қалпына түсіп, станок екпін алғанда үш жақтап жинап аламыз.
— Сабынды қанша теңгеден сатасыз?
— Бір сабынның бағасы — 110 теңге. Егер күн сайын мың сабын шығып, ойдағыдай сатылып жатса 110 мың теңге түседі. Оның 50 мыңы шығын. Сонда қалған 60 мыңы таза табыс.
— Сабынның сапалы екенін қалай білуге болады?
— Кір сабындардың түсінде өзгешелік болады. Соған қарап, сапасын анықтайды. Неғұрлым қою қоңыр түстісі киім, кілем жуғанда молынан көпіршиді, кірді тез кетіреді. Дәрі көп қосылып кетсе, ашық түс береді.
— Саудаңыз қалай жүріп жатыр?
— Сұраныс кейде күрт көбейеді, кейде азайып қалады. Бірнеше ай бұрын Қарағандыға сабын жөнелттік. Енді жазда қаладағы базарларға апарып, тұрақты клиенттер табуды көздеп отырмыз. Қалағандар үйден сатып алып кете алады. Ай сайын алатындар аз да болсын көбейіп келе жатыр.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай?
— Келешекте сертификат рәсімдеп, өзіндік бренд қалыптастырғым келеді. Атауы әзірге белгісіз. Бірақ жер-сумен байланыстырып қоямын ба деп отырмын. Мұның алдында «Жұпар» деген марка таңдағымыз келген. Бірақ біреудікін алып қоя салсақ, ертең өзімізге сын, әрі авторлық құқықты бұзған болып шығамыз. Әйтпесе, әдемі естіледі. Көрерміз, бәлкім иіске қатысты атауды да таңдауымыз мүмкін.
— Әңгімеңізге көп рахмет!