Күннің күрт суытуы оңтүстікте газды тұтыну көлемін арттырды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы биыл рекордтық деңгейде көгілдір отын тұтынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазТрансГаз» компаниясының баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, оңтүстік өңірде ауа райының қатты суытуына байланысты газ тұтыну деңгей күрт көтерілген. Егер аймақ қыстық осы мезгілінде тәулігіне 24 млн текше метрге дейін көгілдір отынды пайдаланса, қазір бұл көрсеткіш 35 млн текше метрге жетті. Салдарынан газ таратушы жүйелерде авариялық жағдайлар жиі орын алып, кейбір учаскелерде газ беруде кедергілер туындаған.

Мамандардың сөзіне қарағанда, негізінен кішігірім аумақты көгілдір отырмен қамтамасыз шағын компаниялардағы газ таратушы жүйелер мен қондырғылар істен шығыпты.  Себебі газ құбырларына жекелеген үйлерді шамадан тыс қосқаннан құбырлар жарылып кетеді. Оның үстіне қысымның да төмендеп кетуі де осындай қиындықтар туындатқан.