Күннің тұтылуы сияқты табиғи құбылыстар шетелдіктер үшін ерекше қызықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Американың ұлы күн тұтылуы» тарихта қалатыны сөзсіз. Бұл құбылыс 14 штаттың аумағын қамтып, батыстағы Орегонадан шығыстағы Онтүстік Каролинаға дейінгі территорияда байқалды. Сонымен қатар, бірнеше штаттар жартылай күн тұтылуын бақылап үлгерді. Олардың арасында мен тұрып жатқан Калифорниядағы Сан Франциско да бар. Тынық мұхитының дәл жанында орналасқан көрікті қала мен әйгілі Кремний жазығында бұл күн қалай өткені жөнінде бөлісе жүрейін.

Осы аптаның демалыс күндерінде Кремний жазығы орналасқан Санта Клара қаласына бір шаруалармен барып, дүйсенбі күні таң ата досыммен бірге Сан Францискоға жолға шықтық. Кремний жазығының бойында Apple мен Google орналасқан Санта Клара, Facebook-тың тұрақты жері Сан Матео, Adobe компаниясының офисі бар Сан Хоседен Сан Францискоға Калтрейн (Caltrain) пойызымен шамамен екі жарым сағатта жетіп алуға болады.

Сағат ондарда басталатын күннің тұтылуына деген қызығушылығым мені шектен тыс коммуникативті етіп, отырған адамдармен сұхбаттасуға талпындырды. Алайда, Кремний жазығы тұрғындарымен кез келген уақытта, әсіресе Калтрейнде сөйлесе салу онша оңай емес. Өйткені, құлақтарына музыка тыңдайтын құралдарды тағып алып, ноутбуктарына үңіле қарап жұмыс істеген адамдарды мазалаған ыңғайыссыздау, әрине. Бұл аймақта жұмыс істейтін ақылды адамдардың ең басты мақсаты - қайда жүрсе де, уақыттарын бос өткізбеу. Мен болсам қалаға жеткенше бірнеше адаммен сұхбаттасып, уақыт тез өте шықты. Әңгімеміз сол жоғарыда атап өткен күннің тұтылуы жөнінде өрбіді. Жолаушылардың біразы жұмыстан қолы тимей, кездесуде болып, көре алмайтындарын күрсіне айтса, шағын стартапта жұмыс істейтін Рейчел есімді қыз жұмысқа жетуге асығып отырды. Басшысы бірнеше күн бұрын арнайы көзілдіріктерді сатып алып, қызметкерлеріне таратып беріпті. Ондай қамқоршыл басшылар мұнда көп, өйткені әріптестерін ойлап, оларға көмектесу мәдениеттіліктің белгісі.

Тынық мұхиттан келген тұманға, асығып ағып жатқан бұлттарға қарамастан әр жерде машиналарын тоқтатып, бірден шығып, ұялы телефондарын күнге қаратып, суретке түсіріп жатқан адамдар жол бойында көп кездесіп жатты. Пойыздың ішінде, телефондарын күннен алмай, түсе салып суретке түсіріп жатқан жолаушылардың бұл құбылысқа қызуғышылығын түсінуге болады. Менің де ойым осы тарихи сәтті бір көріп қалу. Сан Францискоға тезірек жетіп, күннің тұтылуын бақылауға болатын арнайы көзілдірікті сатып алуға досым екеуіміз асығып, келе сала дүкендерді аралап шықтық. Арнайы көзілдірік жоқтың қасы, әттең деп тұрған сәтте денесінің бәрі суретке толы қарапайым қыз өзінің көзілдірігін беріп, күн тұтылу сәтін біраз тамашалап алдым. Әсер тамаша.

Кремний жазығында орналасқан NASA-ның Эймис зерттеу орталығында (Ames Research Center) таңғы сағат сегізде іс-шара ұйымдастырылып, спутниктердегі көріністерді модификацияланған телескоптар арқылы көруге жағдай жасалды. Бұл іс-шара Кремний жазығында көпшілікті жинаса, Оклендтегі (Сан Францисконың жанындағы қалашық) Чабот космос және ғылым орталығына (Chabot Space and Science Centre) шамамен 1000 адамға жуық қатысушылар келіп, қызықтады. Кейбір кітапханалар мен мектептерде оқушыларға ақпарат беріліп, арнайы көзілдірік таратылып, қызықтауға жағдай ұйымдастырылған болатын.

Сан-Францисконың атақты көпірлері мен төбешіктерінде біраз адамдар арнайы жиналып, екі сағаттай күнді тамашаласа, біреулер көшелер арасында бара жатып, бағдаршамға келгенде тоқтай сала, көзілдіріктерін тез киіп, 20-30 секунд болса да күнді бақылап, әрі қарай кетіп жатты.

Қарапайым халықтың бұл құбылысқа қызығушылы неге жоғары дейсіз ғой. Ең алдымен, американның бұқаралық ақпарат құралдары кез келген жаңалықты алдын ала, шамадан тыс талқылайды. Оны естіп алған халық қоғамдық, ғылыми, саяси құбылыстарға белсенді араласып жатады. Олардың белсенді болуы әбден түсінікті, өйткен балабақша, мектептерден бастап, жоғары оқу орындарында «сенің азаматтық ұстанымың ел үшін маңызды, қоғамға, саясатқа аралас, дауысың, қалауың өте керек»,- деп, әр адамда елдің тағдырын өзгерте алатындай сенім қалыптастырады. Оған қоса, бұл дамыған елдің ғылым саласының халықпен қатынасы өте жоғары. Ғылымдардың тарихы, жаңа ашылымдар тек бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, мәдени танымдық салалар арқылы халыққа жеткізіліп отырады. Кез келген аты бар компанияның өзіне тиісті музейі, келушілер орталықтары бар. Бұл әрине дамыған елдің немесе туризмнің көрінісі ғана емес, капиталисттік көзқарасың кез келген саладан қаражат жасауға құштарлығы мен бейімділігі шығар.

Ал үшіншіден, дамыған елдің адамдары көп нәрсеге немқұрайлы қарамайды, қызығушылық танытатын салалары тым көп, мысалы, волонтерлық ерікті көмектесу, ақысыз қызмет ету, бос уақыттарында тұрып жатқан жерге, қоғамға пайдалы болу. Ол Джон Кенедидің «әр азамат елім маған не берді демей, мен еліме не бердім деген сұраққа жауап іздеуі керек»,- сөздерінің идеологиялық жемісі болар.

Өзіміздің жерлестерден күн тұтылуын көре алдыңдар ма деп шағын сауалнама жүргізгенімде біразының қолы тимей, қалғаны интернеттегі тікелей эфирден бақылағандарымен, ал даладан күнді қарағандары суреттерімен бөлісті.

Айтпақшы, NASA космостан тікелей эфир қосып, оны youtube, facebook, amazon сияқты қоғамдық желілер арқылы көру мүмкіншілігін ұйымдастырып қойған екен. Оны өзім де бір тексеріп алдым. Қазіргі ғылым мен технологиялардың дамыған заманында бір кезде қол жетпейтін, көре алмайтын табиғи құбылыстар біз үшін жетімді әрі жақын болып келеді. Бар талап - біздің қызығушылығымыз. Өмір мен табиғаттың құбылыстары мен ерекше күндерінен тыс қалмайық. Жақсылап қарасаң, кез келген күн ерекеше сияқты.

Эльнура Абаканова,
Халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері, Сан Франциско қаласы