Күнтізбеде «Дүниежүзілік шырын күні» пайда болуы мүмкін
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында осындай күннің қабылдануын ұсынып отырған отандастарымыз, «Қазақстандықтарды шырынмен сауықтыру» қоғамдық қозғалысының өкілдері мәлім етті.
«Бұл бастама былтырғы жылы көтерілген еді. Қазіргі таңда әлемде басқа салаларға арналған атаулы мерекелер көп, алайда шырын күні жоқ болып шықты. Шырынның адам ағзасына әсері мол. Оны қарапайым адамдардан бастап, даңқты спортшылар да жаттығуларда, сайыстарда пайдаланады. Сондықтан биылғы жылдың басты спорттық шарасы 7-Қысқы Азия ойындары қарсаңында бұл бастаманы жұртшылықтың назарына ұсынуды жөн көрдік»,- дейді «Қазақстандықтарды шырынмен сауықтыру» қозғалысының баспасөз хатшысы Денис Ибрагимов.
Оның айтуынша, бұл бастаманы қолдаушылар www.worlddjuiceday.kz сайтына кіріп дауыс бере алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дауыс берушілер саны көбейген сайын атаулы күннің пайда болу мүмкіндігі жоғары болмақ.
«Арнайы сайт 2010 жылдың қараша айында іске қосылған болатын. Қазірге дейін мыңдаған адам дауыс берді. «Бізді қолдап отырғандардың қатарында Қазақ тағамтану академиясы, Салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлттық орталығы, атақты альпинист Денис Урубко, су полосы бойынша жаттықтырушылар Сергей Дроздов, Алан Балфанбаев, олимпиада чемпионы Ольга Шишигина бар. Олар шырынның пайдасын жақсы білетін мамандар. Сондықтан жобамызға қызу қолдау көрсетуде»,- дейді Д.Ибрагимов.
Оның айтуынша, аталған күннің қабылдануы Қазақстан имиджінің көтерілуіне үлес қосады. «Өйткені бастама Қазақстан тарапынан шығып отырғандықтан, жыл сайын оның аты аталады. Сондықтан отандастарымды аталған күннің қабылдануы үшін дауыс беруге шақырамын»,- дейді ұйымдастырушы топ өкілі.