Басылымның мәліметінше, агенттің әйелі Вашингтон маңындағы Эндрюс әскери базасындағы жоғары лауазымды тұлғаларға арналған залда байқалған. Бұл – әдетте президенттің арнайы борты ұшатын база. Сонымен қатар, әйел Құпия қызметтің алдағы сапарға арналған арнайы брифингіне қатысқаны анықталған.
Өз кезегінде The Herald газеті агенттің жұбайын Құпия қызмет қызметкерлері мен құрал-жабдықтарды тасымалдауға арналған ұшаққа отырғызуға тырысқанын жазды. Басылым әйелдің АҚШ Әуе күштерінде қызмет ететінін де атап өткен. Алайда, ұшар сәттің алдында оны ұшаққа кіргізбей қойған.
АҚШ президентінің Шотландияға сапары 25-29 шілде аралығында өтті. Сейсенбі күні, Абердиннен Вашингтонға ұшып бара жатқанда, журналистер Трамптан аталған оқиғаға қатысты пікір сұрады.
– Қызық жағдай екен. … Бұл сәл қауіпті емес пе? … Мен бұл туралы екі минут бұрын ғана естідім. Меніңше, Құпия қызметтің жетекшісі Шон (Карран) бұл мәселемен айналысады, – деді АҚШ президенті.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық нысандары қайта іске қосылатын болса, оларды «саусағын көтеріп үлгергенше жойып жіберемін» деп сес көрсеткенін жаздық.