Құпия қызмет: Ардагер барлаушы қызмет барысындағы естеліктерімен бөлісті

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің күні. Ел тыныштығын қорғау жолында көзге көрінбей, тасада жүріп қызмет еткендердің бірі – генерал-майор Адамғали Нәкісбеков.

Ол 36 жыл бойы барлау және қарсы барлау саласында еңбек еткен. Мәскеуде білім алып, Германияда әскери борышын өтеген.

– Әкем – соғыс ардагері. Шешем де қарапайым еңбек адамы болды. Жеті ағайындымыз. Өзім инженер болсам деп армандадым. Ауылда орта мектепті бітіріп, политехникалық институтқа құжат тапсырдым, бірақ өте алмадым. Кейін әскерге шақырылдым, - деп еске алады генерал.

Әскерден келген соң Алматыда көлік жөндеу зауытында жұмыс істеген. Сол кезде зауыттағы, институттағы жастардың тәртібі мен білімін бақылап жүрген қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің көзіне түсіпті. 

– Бір күні кадр бөлімінің басшысы шақырып: «Біз сені Мәскеуге оқуға жібергіміз келеді. Бірақ алдымен емтихан тапсыру қажет», – деді. Жездеммен ақылдасып, сынақ тапсырдым. 1975 жылы арнайы жоғары мектепке қабылдандым. Осылайша барлау саласындағы жолым басталды, - дейді Адамғали Нәкісбеков.

Ол Мәскеуде бес жыл білім алғаннан кейін елге оралып, 36 жыл бойы жедел қызметте, оның ішінде қарсы барлауда еңбек етіпті.

– Біздің міндет – шетелден келген азаматтардың арасынан тыңшыларды анықтап, ұстау және тергеу. Бірақ бұл жұмыс өте құпия. Не үйде, не достар арасында өзіңнің немен айналысып жүргеніңді ашық айтуға болмайды, - дейді ҰҚК қызметінің ардагері.

Генералдың сөзінше, ең қиын сәт – арнайы операцияның алдындағы түн.

– Операциядан 1 күн бұрын ұйықтай алмай, барлық қадамды ойланып шығасың. 1998 жылы бір Азия елінің тыңшыларын ұстау операциясы болды. Түні бойы жоспар жасадық. Таңертең келсек, басшылық жоспарды өзгертіп тастапты. Ал операцияның басталуына бір сағат қана қалған. Сол қысқа уақытта әрекет бағытын өзгертіп, арнайы жасаққа белгі бердік. Олар тыңшыларды сәтті ұстады. Сол кезде агентіміздің сырт киімі жыртылып қалып, кейін оған жаңасын алып бердік, - дейді ол.

Адамғали Нәкісбеков қазіргі жастарға берілетін мүмкіндіктің молдығын ерекше атап өтті.

– Бүгінде білім алу да, шетелге шығу да жеңілдеді. Бірақ қай салада болсын ең бастысы – жақсы маман болу. Ол үшін терең білім қажет. Теория мен практика бөлек болғанымен, академиялық білім – ешкім тартып ала алмайтын басты байлығың. Ал қандай тапсырма берілсе де, оны адал орындау – парыз, - деп кеңес береді ардагер.

Генералдың айтуынша, бұрын бұл салаға медицина немесе спорт саласындағы мамандар алынбаған. Ал қазір заңгер, тарихшы, саясаткер, инженер, тіпті журналистер де қызмет ете алады. 

– Барлаушылар шетелге шыққанда, қауіпсіздік комитетінің қызметкері екенін айтпайды. Олар өзін саясаткер, зерттеуші, кәсіпкер немесе журналист ретінде таныстырады. Қазір барлау саласы түрлі бағыттағы мамандарды қажет етеді, - деп түйіндеді генерал.

Айта кетейік, жуырда ғана әскерге шақырылғандардың денсаулығына қойылатын талаптар жаңартылды.