Құр еліктеп-солықтамай, мыңжылдықтарға ұласатын ұлттық ғимарат үшін тер төгуге тиіспіз - Д.Қамзабекұлы

АНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінде  шет елдерден білім алып келіп жатқан жастарымыз зияткер ұлт мәселесіне қандай үлес қосып жатыр? Біз осы жағын көп ойлауымыз қажет. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы

 Елбасының Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткізген дәрісінен кейін осындай пікірін білдірді.
«Елбасымыздың Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің мінберінен күллі студент қауымына және жас талаптарға арнап оқыған дәрісі интеллектуалды ұлт құру мәселесіне жайдан-жай арналмаса керек. Осынау тарихи сөзінде Мемлекет басшымыз «Білім - ел мен халыққа пайда әкелгенде ғана күш» деген Ф.Беконның сөзін келтірді. Расында, біз Шығысша да, Батысша да оқып жатқанымызға көп жылдардың, тіпті ғасырлардың жүзі болыпты. Ал енді осыдан қазақ халқы қандай пайда тауып отыр - әңгіме осында. Алаш қайраткері Смағұл Садуақасұлының бір сөзі болушы еді «Қазақтың төрт-бес жігітінің төре болғанынан ұлтымызға теңдік тимейді» деген. Сол айтпақшы, бүгінгі жастардың анда оқығаны, мында оқығаны жақсы, алайда, Елбасымыз айтқандай, олар «интеллектуалдық ұлт» мәселесіне қандай үлес қосып жатыр. Біз осы жағын көп ойлауымыз қажет», дейді Д. Қамзабекұлы.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы бұрынғы кеңестік елдер ғылыми-техникалық даму жағынан батыс елдерінен әлдеқайда кейінге қалып қойғанын алға тартып, осы олқылықтың орнын толтыру үшін бізге интеллектуалды революция, яғни халықтың,  оның ішінде жас буынның білім-ғылымға деген құштарлығын арттырып, олардың интеллектуалды санасын көтеру арқылы ел игілігі үшін қызмет етулерін қамтамасыз ету қажеттігін айтты.  Ең бастысы, қазақстандық жастар қазіргі ақапарттық кеңістікте шұғыл әрекет етіп, нақты бір сала бойынша жұмыс істеулері тиіс. «Бұл өмірде бәріне үлгеру мүмкін емес. Сондықтан біз өзімізді бір салаға, бір мақсатқа арнауымыз қажет»,-деген болатын Н.Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы өз дәрісінде бүгінгі отандық ғылымды қайта құру мәселелеріне тоқталып, осы орайда бизнес пен ғылым арасындағы әріптестік байланыстардың маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Қазіргі кезде бұл бағытта ел үкіметінің араласуымен тиісті іс-шаралар қолға алынып, озық ғылыми жобаларды жүзеге асыру жұмысы нақты жолға қойылған. Ендігі жерде бұл салада жұмыс істейтін кәсіби жас мамандар қажет. Президент бүгінгі жас ұрпақ өкілдерін ғылымның жетекші салаларында қызмет етуге үндеп, бұл бағытта батыл қадамдар жасауға шақырды. Н.Назарбаев осы орайда «Интеллектуалды ұлт» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қажеттігін ерекше атап өтті.

Соған орай, Мемлекет басшысы Шәкәрім қажының: «Құбылған әлем жарысы, ақылды - жанның табысы» деген терең ойын сәтімен айтқанына назар аударған Д: Қамзабекұлы: «Біз әлемдік бәсекеге енді кіреміз. Кіргенде онсыз да белгілі еңбегі бар егделермен емес, жастармен кіреміз. Ал бүгінгі жастар қандай ойда? Ең бірінші, бұларда үлкен отаншылдық сезім болуы тиіс. Елге, жерге, тарихқа, тілге, ең бастысы имандылыққа деген. Екінші, анау жоқ, мынау жоқ деп кері кетпей, барды бағалап, алға ұмтылуы керек. Сондай-ақ  Елбасы өз дәрісінде Азаттығымыздың 20 жылдығы туралы да айтты. Шынында да, біз барлық ісімізге, жоспар-мүддемізге осы тәуелсіздіктің мұнарасынан қарауымыз қажет. Білім де, ғылым да бостандықты мықтау үшін керек. Құр еліктеп-солықтамай, мыңжылдықтарға ұласатын ұлттық  ғимарат үшін тер төгуге тиіспіз», - деп атап көрсетті.