Құранның қолжазбасының құны шарықтап тұр

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Мамандардың есебінше, бұл қолжазбаның жазылғанына кем дегенде екі ғасыр уақыт өткен. Қасиетті Құранның құнды қолжазбасын Острож мұражай қорығының қызметкерлері тапқан екен. Қасиетті жәдігер қашан ғалымдар назарына түскенше осы жерде жиырма жылға жуық уақыт бойы зерттелмей жатқан, деп хабарлайды muslim.kz.

Сарапшылардың қолжазбаны зерттеу жұмыстарына жылға жуық уақыт кеткен. Қолжазбадағы шүберек парақтарға қасиетті мәтін қызыл қоңыр түсті сиямен жазылған. Оның кейбір беттері жиі парақталғаннан, жыртылудың аз-ақ алдында тұр.

Құнды жәдігердің «жасын» анықтаған өнертанушы Николай Бендюктің айтуынша, бұл еңбектің жазылуы 18-ші ғасырдың соңы мен 19-шы ғасырдың бас кезіне тиесілі.

Ал, шығыстанушы Михаил Якубович мұндай жәдігердің Батыс Украинада тұңғыш рет табылғанын айтады. Қасиетті Құран қолжазбасының құны ондаған мың гривенге шарықтап тұрған көрінеді қазір. Қолжазбаның беттері түгел: 114 сүре толық қамтылған.