Құрбан айт-2026: Орталық Азия елдерінде қой бағасы қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Құрбан айт қарсаңында дәстүрлі түрде Орталық Азия елдерінде құрбандыққа шалынатын қойға сұраныс артады. Тиісінше мал бағасы да қымбаттай түседі.

Фото: Tek.fm

Қойдың құны оның тұқымына, салмағына, жасына, қоңдылығына және сатылатын өңіріне байланысты өзгеріп отырады.

Өзбекстанда қой бағасы орта есеппен 5-6 миллион сумға жетеді (шамамен 197-236 мың теңге).

Қырғызстанда құрбандыққа шалынатын жас тоқты 18-25 мың сомға (97-138 мың теңге) сатылады. Ал үлкенірек қойлардың бағасы 28-35 мың сомға дейін жетеді (154-193 мың теңге).

Тәжікстанда бір қойдың орташа бағасы – 3,5-5 мың сомони аралығында (182-260 мың теңге).

Ал Түрікменстандағы құрбандыққа арналған қойлардың биылғы бағасы туралы ашық ақпарат жарияланбаған.

Өз кезегінде Қазақстанда қой бағасы өңірлерге қарай айтарлықтай өзгеріп отырады. Ел бойынша ең арзан және ең қымбат баға арасындағы айырмашылық 140 мың теңгеге дейін жетеді.

Қазіргі уақытта ең арзан қойлар Ақтөбе, Қарағанды, Орал және Шымкент қалаларында сатылып жатыр. Бұл өңірлерде қой бағасы 60 мың теңгеден басталады.

Ал ең жоғары баға Түркістан қаласында тіркелді. Мұнда қой бағасы 70 мыңнан 200 мың теңгеге дейін барады. Сатушылар мұны мереке күндері сұраныстың артуымен, сондай-ақ малдың салмағы, тұқымы және күтім жағдайымен байланыстырады.

Айта кетейік, Астанада Құрбан айт кезінде малды аулада союға тыйым салынады.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт — тек діни мейрам емес, сондай-ақ қоғамның бірлігін нығайтатын, азаматтар арасындағы өзара жанашырлықты арттыратын мереке екенін айтты.