Биыл Зұлхиджа айы 7 қараша мен 6 желтоқсан аралығына сәйкес келіп тұр. Нақ осы айда барша мұсылмандар үшін қасиетті мерекелердің бірі - Құрбан айт болады. Күнтізбесі бойынша Зұлхиджа айының 9-шы күні - Арафа, ал 10-шы күні Құрбан айт атап өтіледі.
Хадис шарифаттарда Зұлхиджа айының алғашқы он күнінде жасалатын ғибадаттардың қадірі өте жоғары екендігі айтылған. Мәселен, «бұл күндері тұтылған ораза - бір жыл ораза тұтумен, бір түнін ғибадатпен өткізу - қадір түнін ғибадатпен өткізумен тең», «осы күндері жасалған әрбір ғибадатқа 700 есе артық сауап жазылады», сондай-ақ Аллаһтың алдында Зұлхиджаның алғашқы он күнінде жасалған ғибадаттардан асатын ізгілік жоқ. Бұл күндері тәсбихті (сүбхан Алла), тахмидті (әлхамдүлиллах), тахлилді (Лә илаха иллаллах) және тәкбірді (Аллаһу әкбәр) көп айтыңдар», делінген.
Хазіретi Абуддар да былай бұйырады: Зұлхиджа айының алғашқы тоғыз күнінде ораза тұту керек, көп садақа беріп, дұға ету керек. Өйткені, расуллуллах алейхиссалам: «Бұл он күннің игілігінен және берекесінен махрұм қалған адамға обал болсын» деген.
Айта кетейік, Зұлхиджа айының 10-ыншы күні, яғни 16 қарашада үш күндік Құрбан айт мерекесі басталады. ҚР «Еңбек туралы» заңының 96 бабы 4 тармағына сәйкес, Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып табылады.