Құрбан айт - құтты мереке!

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 4 - қазан күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі екі мейрамның ұлығы - Құрбан айт. Құрбан айт - рухани тазалықты, ізгілікті, адалдық пен терең сенімді ұлықтайтын, жақындарына қайырымдылық пен қамқорлық танытуға шақыратын мереке. Мерекенің ұлықтығы - үш күн айтта адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындауға мүмкіндік алады. Өйткені, «құрбан» сөзі де араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Ендеше, осынау мерекені - құрбандық шалу ғана емес, Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.

Ендеше, осынау маңызы зор мереке - Құрбан айтты дұрыс атап өтудің жөн-жосығына тоқталсақ. Жалпы ислам дініндегі мейрамдардың барлығы мұсылман қауымын ғана емес, сонымен бірге адамзаттың дүйім жұртын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратыны белгілі. Олай болса, Құрбан айт мерекесі де адамдардың бірі-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңіл-күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасасатын күн. Қасиетті Құран Кәрім және Ислам тарихы бойынша бұл мереке мен оның шежіресі сонау адамзаттың атасы Адам (ғ.с.) ата және дәстүрлі діндердің түп атасы Ибраһим (ғ.с.) мен оның ұлы Исмайыл (ғ.с.) пайғамбарлармен тығыз байланысты.

Жоғарыда айтқанымыздай, араб тілінде «жақындау», яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу деген мағынаны білдірсе, шариғаттағы мағынасы - «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

Бұдан бөлек, хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жайында: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) басқа абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар», - деген екен.

Құрбан айт мерекесін игі мұсылман Айт намазымен қарсы алады. Бұл үшін айттың алғашқы күні ерте тұрып, ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін, әдемі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барады. Ал бұл уақытта қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып дұға оқиды. Айт намазы оқылғаннан кейін Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады. Көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл күйде, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айт күндері татуласқан жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Осылай, бүтін мұсылман баласы адамдарды бір-бірінен алыстатпай, қайта жақындата түсуді насихаттайтын хақ дін - Ислам діні мен пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртады.

Құрбандық қалай шалынады?

Құрбандық шалу - бұл күні шариғат бойынша барша мұсылманға ортақ ғибадат. Құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Сондықтан бұл құрбандық шалу мерекесі, яғни Құрбан айт деп аталады. Құрбан айт күндері (айттың үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Құрбандық шалынатын малдың ерекшеліктері: 1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркек-ұрғашысы бірдей) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді және тағы басқа да аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу мәкрүһ. Өйткені мұнда отқа табынушылардың нышаны бар. 2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса ол құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы қажет. 3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек.

Сонымен қатар оның бойында малды құрбандыққа жарамсыз ететін кемшіліктер болмауы тиіс. Атап айтқанда, екі немесе бір көзінің соқыр болуы, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігі болмауы, тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болса, қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен түсіп қалған болса, сондай-ақ желін ұшының түсіп қалуы, жетекке көнбейтін, үйірге қосуға жарамайтындай асау немесе ауру екендігі анық белгілі болса.

Қой немесе ешкі секілді ұсақ малды тек бір адам ғана, ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп соя алады. Және біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер де осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек етін алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы қабыл болмайды. Сонымен қатар, құрбандық малды кез-келген адамның дүниеден озған туысының немесе қадір тұтқан кісілердің, құрбандық жасауға жағдайы жоқ адамдардың сауабына бағыштау рұқсат етіледі.

Құрбандық кімге уәжіп?

Шариғат бойынша нисап мөлшеріндегі, яғни 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, бас бостандықтағы, ақыл-есі бүтін, жолсапарда емес мұсылманға құрбан шалу уәжіп етілген. Ал құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар, ниеттері арқылы сауапқа жете алады. Хадистерде «мұсылман баласының ниетінің тазалығына қарай сауабы беріледі», «оның ізгі ниеті амалынан қайырлы» деп айтылған. Яғни, қай істе болмасын мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім» - деген ниетте болса, «мейірімді Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап береді» деп жазылған. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол - айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.

Құрбандық шалу ғибадаты Жаратушы талап еткен, белгіленген мезгілде және белгіленген орындарда жасалуы шарт. Ал құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап сатып алынған мал айт күндері бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет. Үзір себептерге байланысты Құрбан айт намазына бара алмай қалған адам, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбан шала беруіне болады.

Құрбандық шалушы бай болсын, кедей болсын өзінің құрбандығының етін жеуіне болады. Малдың етін үш бөлікке бөліп тарату мұстахап (жақсы амал) саналады. Бір бөлігі - туған-туыстарына және бай болса да көршілеріне таратылады. Екінші бөлігі - кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі - өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Халық арасында қан шықса болды деген теріс ұғым қалыптасқан. Шариғат бойынша құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басы мен сүтін сату не болмаса оларды құрбандық жасалған жерде лақтырып кету мәкрүһ саналады. Барынша ысырап жасамауға тырысып, құрбандықтың ішек-қарнына дейін пайдаға жаратуға тырысу керек. Ең абзалы малдың етінен бөлек мүшелерін сатып ақшасын мұқтаж жандарға беру.

Түйіндей айтсақ, Құрбан айт - әлемнің барша мұсылмандарының шынайы ой-ниетімен Жаратқанға алғысын білдіру арқылы, өз ниеттері мен міндеттерінің орындалуын айқындайды. Ендеше, Құрбан айт құтты болып, құрбандық қабыл болсын, ағайын!