«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін алдағы Ұйым Саммитіне арналған ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің мәжілісіне қатысты. Қазақстан дипломатиясының басшысы өзінің сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылдың 14 қаңтарында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған бейнеүндеуінде мәлімдеген төрағалықтың көкейкесті мәселелеріне орай атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның "саяси менеджері" ретінде Ұйымға барлық қатысушылардың пікірлері мен мүдделерін ескеру және ЕҚЫҰ-ның үш өлшемі тепе-теңдігін қамтамасыз ету тұрғысынан көрінгенін ерекше атап айтты. Ұйымның Іс басындағы төрағасының пікірінше, Қазақстанға Мемлекет басшысы ұсынған төрағалықтың 4 ұраны - Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Төзімділікке толық көлемінде сәйкес келу мүмкін болған. Сөйтіп, еліміз ЕҚЫҰ қоғамдастығы көрсеткен сенім үдесінен шыға білген. Бұл жөнінде толығымен «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында жарияланған «Вена Астана Саммитіне қызу дайындық үстінде» деген мақаладан біле аласыздар.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі нөмірінде «Қазақ дзюдосы: Күнгейі мен көлеңкесі» атты мақала да беріліп отыр. Енді еліміздегі дзюдоның жағдайына тоқталайық. Былтыр ересектер арасындағы Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы Максим Раковтың жеңісімен мерейленген біздің дзюдо құрамасы 2010 жылғы әлем чемпионатынан жүлдесіз қайтты. Дзюдо Қазақ еліне 1972-1973 жылдары келсе, содан бері 1 әлем чемпионын, әлем чемпионатының 2 қола жүлдегерін (Асхат Шахаров, Асхат Жеткеев, 2001 жыл) баптаған екенбіз. Шындықтан қашып құтылмайсың, бары осы. Халқының саны 5 млн.-ға жетпейтін Грузия тәуелсіздік жылдарында ғана - 1 алтын, 6 күміс, 8 қола; өзбектер - 1 алтын, 1 күміс, 4 қола; 2-ақ млн. халқы бар Монғолия - 1 алтын, 1 күміс, 4 қола; Украина - 1 алтын, 4 күміс, 4 қола; кішкентай ғана Эстония - 3 күміс, 1 қола; Әзірбайжан - 2 күміс, 7 қола; Беларусь - 2 күміс, 6 қола жүлдеге ие болыпты.
***
«Айқын» газеті Елбасының Алматыға жасаған жұмыс сапары барысында еліміздегі білім қарашаңырағының бірі болып есептелетін Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің 80 жылдық мерейтойына орай, университетке ат басын тіреп, ондағы бірқатар салтанатты іс-шараларға қатысқанын әңгімелейді. Бұл жайында басылымның бүгінгі санындағы «Нұрсұлтан Назарбаев: Ауылды көтермей, халықтың деңгейін көтере алмаймыз» деген мақалада егжей-тегжейлі жазылған. «80 жылдық мерекелеріңіз құтты болсын деп, арнайы құттықтап келдім. Табысты болыңыздар. Осы оқып жатқан жігіттер мен қыздардың бәрі ауылға барады деп сенім білдіремін. Себебі мен барлық университеттерге барғанда, ауылға мұғалім, дәрігерлерді шақырып жаттым ғой. Ауылға екі жылдың ішінде бір жарым мың бала барды. Барлығына жағдай жасап жатыр. Ауылды көтермей, ауылды сауаттандырмай, ауылдағы балаларды білімді етпей, жалпы қазақ деген халықтың деңгейін көтере алмаймыз. Сіздердің университеттеріңіз осының бәрінің діңгегі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев», - делінген мақалада.
«Айқынның» бүгінгі санында «16 қараша - Құрбан айттың алғашқы күні» деген тақырыппен Шейх Әбсаттар Қажы Дербісәлі, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы және Орта Азия мүфтилері кеңесінің төрағасы, Бас мүфтидің осы ұлық мерекеге арналған құттықтауы жарияланып отыр. «Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды хақ деп білетін мұсылман баласы үшін Жаратушымыз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы - Құрбан айт күндеріне де жеттік. Алла тағаланың разылығы үшін мал шалынып, кең дастархан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қазақстан жұртшылығына да ырыс пен береке әкелсін!»,-делінген Дінбасының құттықтауында. Бұл күндердің ұлықтығы сол - мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Асылы, «Құрбан» сөзі де араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. «Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі аса зор. Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, құттықтасуы арқылы достық пен ағайындықты нығайта түседі. Мерекенің алғашқы күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен сәлемдесу, құрбандық етімен ауыз ашу үшін айт намазының алдында ештеңе жемей, оған бара жатқанда тәкбір айту хазреті - Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті»,-дейді Шейх Әбсаттар Қажы Дербісәлі.
***
«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, қалалық қызметтер ЕҚЫҰ Саммитіне қатысушылардың медициналық және эпидемиологиялық қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге дайын. Саммитке қатысушылар үшін медициналық қызмет көрсету тұрғысында Астанада 44 медициналық ұйыммен, 83 автокөлік және 659 медициналық қызметкер жұмылдырылмақ. Барлық ауруханалар мен клиникалар дәрі-дәрмекпен толық көлемде қамтамасыз етілген. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Дәулетхан Есімовтың сөзіне қарағанда, саммит кезінде елорда тұрғындары үшін медициналық қызмет көрсету бұрынғы қалпында жүзеге асырылады. Бұл жайында толығымен білгіңіз келсе, басылымдағы «Медслужбы к саммиту готовы» атты мақалаға көз жүгіртіңіз.