ҚазАқпарат құттықтаудың мәтінін таратады.
Құрметті отандастар!
Қадірлі қауым!
Қазақстан халқы Ассамблеясы баршаңызды ұлық мейрам - Құрбан айт мерекесімен құттықтайды!
Құрбан айт мерекесі - адалдық пен шынайы ықылас-ниетке негізделген айтулы шара. Ол адам бақыты мен жамағаттың жақсылығы арасында үйлесім құрған, пітір, садақа, зекет беру мен қоғамға пайдалы, сауабы мол ізгілікті, қайырлы істер жасау жолында жарысуға шақыру арқылы мейірімділікке тәрбиелейтін әрекет.
Бұл күні барша мұсылман баласы кіршіксіз ақ ниетін паш етіп, ізгі ниетпен дастарханын жаяды, араздасқандар ренішін кешіріп, көпшілікпен тізе қосып құлшылық етеді, құрбандық шалуға, қажылық сапарға талпынады. Құрбандық шалу арқылы адамның ішкі ниеті, пейілі, рухани бекемдігі сыналады, жомарттығы танылады.
Құрбан айт - жақындасу мен рухани түлеудің, ынтымақ пен бірліктің мерекесі. Ол адами қасиеттерді ардақтап, адам құқығын аяққа таптамай, оны асқақ ұстауды насихаттап, рухани тазаруға, адамгершілікті ұлықтауға, мейірімділікке, біріне-бірі қайырымдылық жасауға шақырады, бауырмалдыққа және бірлікке бастайды.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Материалдық игіліктермен ешқандай байланыспайтын РУХАНИЯТ, АДАМГЕРШІЛІК деген даусыз ұлы құндылықтар бар. Олар адам үшін әрдайым басым және негіз қалаушы болып қала береді» - деген сөзі бар.
Дін - әр адам үшін рухани негіз, адамгершілік бастауы, ақыл-ой парасаты. Ұлт бар жерде дін бар. Барлық діннің негізі бір - адамзатты ізгілікке бастау. Оны түсіну, өз ұлтыңның тарихы қалыбынан шығып кетпей, еліктеуге бой ұрмай, ділдік қасиетіңді дінің арқылы сақтап, ұлылық көрсету - баршамыздың алдымызда тұрған жауапты міндет. Өзгенің сенімін жоққа шығармай, ортақ қоғамда үйлесімділік орнату, көршінің көңілін қымбат көріп, бірлесе бейбіт өмір сүру, әділдік пен теңдікті, қоғамдық келісімді паш еткен Ата Заңымызды сыйлау, көзіміздің қарашығындай сақтау баршамыздың парызымыз.
Құрбан айт, рухы биік, жаны бай Қазақстан халқының өркениетті дүниетанымының өнегелі тағылымы ретінде рухани биік адамгершілікті қалыптастырудың мерекесі.
Қасиетті Мейрам мүбәрәк болсын! Баршаңыздың ниеттеріңіз қабыл болсын!
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі