«Құрбан айтта қала ішінде мал сойылмайды» – республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 12 қараша, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Мал шаруашылығын дамытуға ерекше көзқарас қажет» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалаға Үкіметтің кешегі селекторлық мәжілісінде көтерілген мәселелер арқу болған. «Мәжілісте Өскемен қаласынан тікелей эфир арқылы баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев 2002 жылы ветеринария жүйесіне жүргізілген реформа осы қызметтің негізгі түрлерін бәсекелестік ортаға беруіне байланысты мемлекеттік бюджет мойнынан біраз жүкті түсіретін болады. Еліміздің ветеринариялық жүйесі халықаралық стандарттарға және халықаралық эпизоотиялық бюроның талаптарымен едәуір дәрежеде үйлеседі. Дегенмен еліміздің «Ветеринария туралы» заңына қатысты бірқатар талаптар орындалмай жатыр. Соның ең бастысы ветеринариялық қызметті кадрлармен қамтамасыз ету ісіне қатысты болып отыр»,- деп атап көрсеткен.

Сондай-ақ «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен болған сұхбат «Әзірлен, Астана, әзірлен!» деген тақырыппен басылды. Сұхбатта негізінен елорданың алдағы ЕҚЫҰ Саммитіне дайындығының барысы сөз болған. «Саммитке дәл үш апта қалды. Қала осы үш аптада ұлы жиынға толық дайындалып үлгере ме?», деген сауалға И. Тасмағамбетов: «Үлгереді. Мен мұны нық сенім­мен айта аламын. Елбасымыз бізге Қа­зақстан тұрмақ, кешегі Кеңес Одағында да ешқашан өткізіліп көрмеген мұн­дайлық жиынды лайықты ұйымдасты­руға қажетті жағдайдың бәрін жасау жө­нінде міндет қойды. Ол міндет орын­далады. Ақордада 16 тамызда өткен мә­жі­лісте Нұрсұлтан Әбішұлы Саммиттің бүкіл посткеңестік кеңістік деңгейінде алғашқы ірі ауқымды шара екенін атап айтты, осы тарихи кездесуді мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру және өткізу үшін үлкен жұмыс атқарылуы қажеттігін қадап көрсетті. Бұл жиынның елімізді әлемге танытуға қандай мүм­кіндік беретінін, оның өзі үлкен құрмет пен зор жауапкершілік екенін ерекше ескертті. Қазір күн демей, түн демей, жанымызды сала жұмыс істеп жатырмыз. Бұл істің бәрін де Елбасының өзі бас­қарып, өзі үйлестіріп, өзі қадағалап отыр. Біз үшін Елбасы сенімін ақтаудан артық абырой болмақ емес», -деп жауап берген.

«Айқын» басылымының жазуынша, Астана әкімдігінің шешімімен биыл Құрбан айт кезінде қаланың ішінде құрбандыққа шалынатын мал сойылмайтын болды.Құрбан айтқа мал сойып, садақа беретіндерге әкімшілік қаладан жиырма шақырым жердегі «Алтын таға» ет базарын белгілеп беріпті. Құрбандыққа шалынған малдың етін тарату үшін қаладағы барлық мешіттерден арнайы автокөліктер бөлінетін болады. Астана қаласының санэпидемқадағалау басқармасының директоры Жандарбек Бекшиннің мәлімдеуінше, «Алтын таға» ет базарында қасап жасап, құрбандық шалушыларға санитарлық жағынан барлық жағдай жасалынған. Оның үстіне базарда сырттан әкелінетін мал етін тексеретін ветеринарлық қызмет жұмыс істейді. Бұл мәселе еліміздің өзге аймақтарында қалай шешіліп жатыр? Бұл сұрақтың жауабын білгіңіз келсе, «Айқынның» «Қала ішінде мал сойылмайды» атты мақаладаға зер салыңыз.

Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі санында «Қантқұмарлық қаупі 700 мыңадамға төніп тұр» деген тақырыппен проблемалық материал жарияланды. «Әлемде әр 10 секунд сайын 2 адам қант диабетіне шалдығады. Өлім деңгейі жөнінен қант диабеті сырқат түрлері ішінде үшінші орынды алады. Ресми мәлімет бойынша, әлемде 285 миллион адамның адымын осы сырқат тұсаулайды. Ал 2030 жылы бұл көрсеткіш 435 миллионға жетуі мүмкін деген болжам тағы бар. Бұлар - әлемдік шекарадағы деректер. Өкініштісі, Қазақстан - қант диабетінің қаупі асқынған елдердің үздіктерінің бірі»-, делінге мақалада. Республикалық диабет қауымдастығының президенті Наталья Тукалевскаяның айтуынша, елімізде шілде айында жасалған есеп бойынша, 184 мың 894 науқас тіркелген. «Бірақ бұл есептік мөлшер ғана, шындығында, науқастар саны 700 мыңнан асып жығылады. Өйткені өзін сап-саумын деп жүрген адамдардың көбі бойында диабет науқасы бар екенін біле бермейді. Қант диабеті - адамға білдірмей, жасырын түрде іштен «мүжи» беретін ауру», - дейді Н. Тукалевская.

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Сырдың диқандар қауымын қинап жүрген жай бар. Күріштен жиналған өнімнен қаншама тонна қалдық қалады. Оны кәдеге жаратуға қол қысқа болып тұр. Ерте көктемнен егінді алақанға салып, аялай білетін ағайын күріштің тек өзін қамбасына құйып алғанды қанағат тұтады. Қалғанын құр босқа далаға тастағаннан басқа амалы жоқ. Әлемде күріштің қалдығынан да қыруар қаржыға кенеліп отырған мемлекеттер баршылық. Ал бізде қалдық босқа ысырап болып жатыр. Бұл мәселенің мән-жайына қаныққыңыз келсе, газеттің бүгінгі нөміріндегі «Сыр бойына сыймай жатқан қайран крахмал» атты мақалаға көз салыңыз.

Сондай-ақ «Алаш айнасының» бүгінгі нөмірінде «Қырғызстанда тағы бір сайлау өтуі мүмкін бе?» деген мақала жарияланды «Қырғызстан парламенттік республика атанса, елдегі саяси алауыздыққа тосқауыл болады деп топшылағандардың есебі әзірге шықпай тұр. Жоғорғұ Кеңешке сайлау өтіп, қажетті дауыстарға қол жеткізген бес партияға мандаттар да үлестіріліп берілді. Парламенттік жүйеге өтудің тәртібі толық сақталып келе жатқанымен, көрші елдегі партиялар коалиция құру арқылы Үкімет жасақтау сатысына келгенде бірде-бір шешімге келер емес. Парламенттік мемлекетке бірден айнала салу мүмкін емес. Оның үстіне Қырғызстан - КСРО-ның тоталитарлық билігімен, соңғы жиырма жылдағы авторитарлық режиммен басқарылған ел»-, делінген мақалада.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Еуропа Парламенті социал-демократтарының делегация өкілдерімен кездесті. Аталмыш делегация елімізге Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығында атқарып жатқан істерін байқап қайту мақсатында келген. А.Шәкіров мәртебелі меймандарды еліміздегі адам құқықтарын қамтамасыз ету жұмыстарымен таныстырған. Сондай-ақ ол қонақтарды еліміздің заңнамалық базасын жетілдіру, құқық қолдану тәжірибесі, үкіметтік емес ұйымдармен байланысы, республика халқының құқықтық сауатын арттыруы бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан істер туралы хабардар еткен. Өз кезектерінде Еуропалық Парламенттің өкілдері Қазақстанның ұлтаралық келісім, аз ұлттардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, діни төзімділік, гендерлік тепе-теңдік бағытындағы саясатын жоғары бағалаған. Сондай-ақ олар Қазақстанның Еуропамен түрлі бағыттар бойынша, соның ішінде гуманитарлық өлшемдер бойынша әріптестігі қарқынды дамып келе жатқандығын ерекше атап көрсеткен. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Отправная точка для «перезагрузки» - Астана» атты мақаладан біле аласыздар.