Құрбан айттың рухани сәттері: елордадан фоторепортаж

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА.KAZINFORM – Бүгін Қазақстан мұсылмандары үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталды. Атаулы күнге орай еліміздің барлық өңірінде айт намазы оқылды.

Елордадағы Республикалық Бас мешітте Құрбан айт намазын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жүргізді. Намазға жиналған жамағатқа Бас мүфти Құрбан айттың рухани маңызы жайында уағыз айтып, халықты ізгілік пен сабырлыққа, мейірім мен бірлікке шақырды.

Фото: Солтан Жексенбеков /
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Алла Тағала пенделерінің ізгілік амал атқарып, көбірек сауап істер жасауы үшін кейбір күндер мен түндерді басқаларынан артық етіп қойды. Сондай мұсылман баласының Жаратушысының кешіріміне бөленуге тырысып, ізгі амалдарға ерекше ынта танытуы қажет уақыттың бірі – осы Құрбан айт мерекесінің кезеңі. Бұл ай мұсылман күнтізбесінде зұлхижжа айы деп аталады, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

 

Сондай-ақ, Бас мүфти зұлхижжа айының алғашқы он күнінің маңызын атап өтті.

– Бұл айдың алғашқы он күнінде жасалатын ғибадаттардың қадірі өте жоғары. Алла Тағала қасиетті Құранның «Фәжр» сүресінде: «Таң шапағына серт. Және (мүбәрәк) он түнге серт», – деп айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл күндер жайлы: «Алла Тағалаға осы (он) күнде істелген игі істен жақсырақ амал жоқ» (имам Бұхари), – деген, – деді Бас мүфти өз сөзінде.

Айт намазынан кейін Наурызбай қажы Тағанұлы ел амандығы мен бірлігі үшін арнайы дұға жасап, ата-бабалар рухына Құран аяттарын бағыштады.

Сонымен қатар қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде айт намазы оқылып, жамағатқа уағыз насихат айтылды.

Намазға келген жамағатты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі, Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Садырханов Жұманазар Өсерханұлы құттықтап, мерекенің мән-маңызына тоқталды.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтағанын жазғанбыз.

Еске сала кетейік, ораза айт мерекесі сәттерінен фоторепортаж әзірлеп, оқырманға мешіттердегі рухани атмосфераны ұсынған едік.

Қасапханалар, ҚМБД ескертуі, арнайы сайт – Құрбан айтқа қатысты маңызды мәліметтерді осы жерден оқи аласыз.