Құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал- Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі
Қажылық парызын өтеп жүрген және өзге елдегі бауырларымыздың Отанына дін аман оралуларына Алла нәсіп етсін!. Құрбан айт мүбәрак болсын! Осы қасиетті мейрамның қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәліден сұхбат алудың сәті түсті. Дінбасының ҚазАқпаратқа берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
- Ассалаумағалейкум Дінбасы! Алда Құрбан Айт келе жатыр. Осы ұлық мейрамның қарсаңында Қазақстан халқына не тілейсіз?
- Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Алланы бір, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарды хақ деп білетін мұсылман баласы үшін Жаратушымыз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы Құрбан айт күндеріне де жеттік. Алла тағаланың разылығы үшін мал шалынып, кең дастархан жайылып, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл ұлық мейрам Қазақстан жұртшылығына да ырыс пен береке әкелсін!
Бұл күндердің ұлықтығы сол - мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады. Асылы, «Құрбан» сөзі де араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал.
Құрбан шалу - сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Алланың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран кәрімде: «Аллаға қүрбанның еттері, қандары, әсте жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят), - делінген. Аятта құлшылық ретінде сойылған құрбандықтың маңызды бір шарты шынайылық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалығында. Сондықтан да құрбан шалынып жатқанда «Аллаһумма минкә уә ләке» (Уа, Алла тағалам, бұл мал Сенен келді, Саған барады) деген дұғаның көбірек айтылуы тегін емес.
Құрбан айт күндері шариғат бойынша нисап мөлшеріндегі, яғни 85 г. алтынға тең ақшасы бар, басы азат, ақыл-есі бүтін, жолсапарда емес мұсылманға кем-кетіксіз бір жастағы қойды, не ешкіні яки бір адамнан жеті адамға дейін ниет ете отырып екі жастағы сиыр немесе бес жастағы түйені құрбандыққа шалу уәжіп. Құрбандықтың уәжіптігі қасиетті Құранда: «Раббың үшін (айт намазын) оқы, құрбандық шал» («Кәусәр» сүресі, 2-аят), - деп бұйырылған. Ал, әз-Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мүмкіндігі бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!», - деп ескерткен. Бұл хадис құрбан шалу мерзімін бейқамдықпен өткізіп алмауға үндейді һәм сараңдық танытып, бұйрықты орындаудан бас тартудың күнә екенін білдіреді. Ардақты Алла елшісінің (с.ғ.с.) осы сүннетіне аса байыппен қарап, шын ризашылықпен дұрыс шалынған мал Алла тағала разылығына қол жеткіздіруі мүмкін.
Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі аса зор. Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, құттықтасуы арқылы достық пен ағайындықты нығайта түседі. Мерекенің алғашқы күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен сәлемдесу, құрбандық етімен ауыз ашу үшін айт намазының алдында ештеңе жемей, оған бара жатқанда тәкбір айту хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті.
Сондықтан бұл күндері шариғат мұсылмандарға мешітке жиналып, бірге айт намазын оқуды, бақилық болған жақын-жұрағаттарына Құран оқуды, бірін-бірі мерекемен құттықтауды, үйлерінде тәтті тағамдар жасап, келген қонақтарды күтуді, алыс-жақын туған-туысқандарымен жүздесуді, олардың ішінде қиыншылыққа тап болғандарына қарайласып, көңілдерін аулап, сыйлық беруді, сырқаттарға зиярат жасауды, араздасқандарға татуласуды міндеттейді.
2010 - Отанымыз үшін ерекше жыл. Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер арасында Қазақстан тұңғыш рет 56 мемлекет құрамына енетін халықаралық аса беделді - Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуде. Әлемдік үлкенді-кішілі мемлекеттердің басшылары мен ірі қайраткерлердің, сарабдал сарапшылардың бұған қатысты берген бағасы мен пікірі мейлінше жоғары. Құрбан айттан кейін Астанада осы ұйымға кіретін мемлекет басшылары мен халықаралық беделді ұйымдар өкілдерінің келелі бас қосуы - саммиті өтпек. Онда әлемдік күрделі мәселелер қаралып, талқыланады. Осының бәрі жас тәуелсіз Қазақстанның, оның дана басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың зор абыройы мен беделінің арқасы екенін әлем танып, мойындап отыр. Мұны әрбір отандасымыз зор мақтаныш етіп, үлкен жетістік деп біледі. Бұл үшін Алла тағалаға сансыз мақтауларымыз бен шүкірлігіміз болсын.
Құрметті мұсылман бауырлар мен отандастар! Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін. Әрбір отбасына бақыт, береке қонғай! Көп ұлт пен ұлысты Отанымызға бірлік пен ынтымақ бергей!
Жаратушы Иеміз сүйікті Қазақстанымыз бен ел қамында жүрген Елбасымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауызбірлігін арттыра бергей! Әмин!
- Астана әкімдігінің шешімімен Құрбан айт кезінде құрбандыққа шалынатын мал қаланың ішінде емес, одан 20 шақырым жердегі «Алтын таға» ет базары сойылатын болды. Бұл шешім қаншалықты дұрыс және бұндай санитарлық шараларды еліміздің басқа да ірі қалаларында жолға қойған жөн бе?
- Ислам - тазалық діні. Сондықтан тазалыққа зор мән береді. Қала әкімшілігінің бұл іс-шарасы тазалықты сақтау ниетінен туған деп есептейміз. Қала болсын, ауыл болсын, тазалыққа зор мән бергені жөн деп білеміз.
- Биыл қажылық парызын өтеушілердің сапарын ұйымдастырудың мән-жайына тоқталсаңыз?
- Жалпы қажылық - мұсылманның бесінші парызы. Қажылыққа мүмкіндігі бар (қаржылай да, денсаулығы жағынан да) мұсылман үшін өмірінде бір рет бару парыз саналады. Әдеттегідей қажылыққа дайындық сонау көктемнен басталды. Имамдарымыз және молдалар мешіттердегі уағыздарында осы мәселелерді жүйелі түрде айтып, бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында атап көрсетумен келеді. Ал биыл қанша квота бөлетіні Сауд Арабиясының қажылық министрлігімен жүргізілген келіссөз барысында нақтыланды. Биыл 4 000 орын бөлді. Қажылықпен 34 фирма шұғылданып, 4000 орын солардың әрбірінің мүмкіндігіне қарай бөліп берілді. Фирма басшыларымен әлденеше рет кеңес-жиын өткізілді. Соның нәтижесінде квота толық орындалып, қажылыққа бәрі де аттанды.
- Қазір «Мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, дінде жоқ» деген заман емес сияқты. Иншалла, бүгінде еліміздегі жастардың исламға бетбұрысы жыл сайын артып келеді. Осыған қандай факторлар әсер етуде?
- Кешегі атеистік заман келмеске кетті. Содан бергі, санасы атеизммен уланбаған жастардың көбеюі заңды. Мешіттеріміздің негізгі жамағаты да солар. Дініміздің де, еліміздің де ертеңі жастар. Бұл күнде діни кітаптарымыз көптеп шығып жатыр. Діни басқарма жанынан мол таралыммен бір газет пен бір журнал шығып бүкіл елімізге таралуда. Діндарларымыз өз уағызын мүмкіндігінше айтып та, жазып та тарату үстінде. Атеизммен уланбаған таза жастар санасы мұны тез әрі ешбір күштеу, зорлықсыз қабылдауда. Дінде зорлық жоқ. Бұл ислам дініне қатысты. Ал, келімсек дін атын жамылған секталар мен топтардың айла-шарғысын көзі ашық, көкірегі ояу жандар айырып біліп, олардан іргесін аулақ салуда.
- Дегенмен де, қазіргі таңда қала көшелерінде қандай да бір секталардың өздерінің ағымдарын насихаттап жүргенін көріп-біліп жүрміз. Діни басқарма тарапынан бұған тосқауыл ретінде қандай жұмыстар жүргізілуде?
- Бұл тексіз секталар мен топтардың артында үлкен алпауыт елдер тұр. Қаржысын аямайды. Халқымыздың діни сауатсыздығын пайдаланып «компьютер үйретемін, ағылшын тілін үйретемін» деген бүгінгі күннің сұраныстағы кәсіпті ұсынып, шын мәнінде өз діндеріне тартады. Бұған қатысты діндарларымыз өз ата-баба дініміздің құндылықтары жайлы уағыз айтады. Мешіттеріміздің жанында жаппай діни сауатсыздықты жоятын қысқа мерзімді тұрақты курстар қызмет етеді. Ата-баба дінімен таныстыруда. Білікті де білімді дін мамандары көптеп дайындалуда. Мамандарымыз орта және жоғары оқу орындарының шәкірттерімен жиі кездесіп, олардың көкейтесті сауалдарына жауап беруде. Бірқатар телеарналарда жұма күндері көрерменмен тікелей сұрақ-жауап алысатын бағдарламаларға діндарларымыз қатысады. Тіпті, түрмелердегі жазасын өтеушілер арасында да имамдар уағыз айтуда.
-Діни мамандарды даярлау бағытында қандай шаралар іске асырылып жатыр?
- Жоғары білімді дін мамандары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде дайындалса, ал бұл күнде саны тоғызға жеткен медреселерде орта арнаулы білімді мамандар оқып шығып, ауылдар мен кенттерге, аудандар мен қалаларға қызметке жіберілуде. Болашақта Астана мен Шымкенттен де Ислам институтын ашу ниетіміз бар. Астана іргесіндегі Қосшы ауылында қарилар дайындайтын оқу орталығы іске қосылды. Бұл бағыттағы іс-шара одан әрі жалғаса түспек. Дінімізді біліммен ғана тану қажеттігін жақсы түсінеміз.
- Қазақстанға Еуропа мемлекеттерінің өкілдері келіп, демократия туралы ақыл-кеңес айтып, түрлі конференцияларды өткізіп жатады. Ал кейінгі кезде Еуропа елдерінде хиджапқа тыйым салу мәселелері көтеріліп жатыр. Сонымен қатар еліміздегі кейбір мектепттерде де бұл мәселе қызу талқыға ұласты. Осы тұрғыда Сіздің пікіріңізді білсек?
- Хиджап расында да, бізде де күрделі мәселеге айналғаны рас. Бұл уақытша деп түсінемін. Өзінің түпкілікті оң шешімін табарына сенімім мол.
- Сұхбатыңызға рахмет!