Курчатов ғылым ордасына айналмақ: Қалашықта қандай жобалар іске асады

АСТАНА. KAZINFORM — Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін 2027 жылдың үшінші тоқсанында беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінен мәлім етті.

Фото: Kazinform/ЖИ

— Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 24 маусымдағы № 321-VIII Заңына сәйкес «ғылымды қажет ететін аумақ» және «ғылыми қалашық» ұғымдары заңнамалық деңгейде бекітіліп, тиісті мәртебені беру тәртібі айқындалды. Курчатов қаласы 2026–2035 жылдарға арналған ғылымды қажет ететін аумақтарды құру және дамыту тұжырымдамасына сәйкес ғылымды қажет ететін аумақтарды дамытудың алғашқы алаңы ретінде айқындалды. Болашақ ғылыми қалашықтың негізін Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының ғылыми-технологиялық әлеуеті құрайды. Қазіргі уақытта Курчатов ғылыми қалашығын құру жөніндегі жұмыстар практикалық кезеңге өтті, — деп атап өтті ведомстводан агенттіктің ресми сауалына орай.

Министрлік мәліметінше, Атом энергиясы жөніндегі агенттік Ұлттық ғылым академиясымен, Ұлттық ядролық орталықпен және Абай облысының әкімдігімен бірлесіп, 2027–2031 жылдарға арналған Курчатов ғылыми қалашығын құрудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірледі. Аталған жоспарда ғылыми, өндірістік, кадрлық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шаралар көзделген. Жоспар аясында Ядролық инженерия саласындағы құзыреттер орталығын және Басқарылатын термоядролық синтез технологияларын дамыту жөніндегі халықаралық орталықты құру, ғылыми орталықты дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, атом саласы үшін кадрлар даярлау, сондай-ақ тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту көзделген.

— Келесі кезеңде Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін беру туралы ұсынысты дайындау және енгізу жүзеге асырылады. Сонымен қатар басым ғылыми бағыттарды айқындай отырып, қаланы дамыту стратегиясы әзірленеді. Аталған стратегия келісілгеннен кейін Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның бекітуіне енгізіледі. Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін 2027 жылғы III тоқсанда беру жоспарланған. Бұдан әрі ғылыми қалашықты дамыту 2027-2031 жылдарға арналған егжей-тегжейлі жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, — деп нақтылайды Ғылым министрлігі.

Бұған дейін Үкімет Курчатовта қуаты 700 МВт электр стансасын салу жөніндегі 881 млрд теңгелік инвестициялық келісімді мақұлдаған еді.