Курчатовтың жүзден астам жұмысшысына жалақы қарызы қайтарылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Прокурорлық шаралардың арқасында 110 жұмысшының жалақы бойынша қарыздары қайтарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Курчатов қаласының прокуратурасы жұмысшыларына қарыз боған қаладағы жалғыз кәсіпорынға сараптау жүргізді. Жергілікті «Тасымал көлігі» ЖШС облыстың өзге аудандарындағы ірі мердігер болып табылады. Әсіресе, «Тасымал көлігі» ЖШС мектеп құрылысымен айналысқан Жарма ауданы тұрғындарынан прокуратураға шағымдар көптеп түскен.

Прокуратура тез арада жұмысшылар шағымына назар аударып, шаралар қолданды. Нәтижесінде, жалақы бойынша қарыз 30 миллион теңгеден 500 мың теңгеге дейін қысқарды. 110 жұмысшы еңбекақыларын алды. Анықталғандай, ұйымның бұл қарызы тапсырыс берушілердің өз уақытында төлем жасамауынан туындаған.

Мәселен, бір ғана «Қазхром» трансұлттық компаниясы» ЖШС «Тасымал көлігі» кәсіпорынына 12 миллион теңгеден астам қарыз болған. Курчатов кәсіпорнының шағымы бойынша дебиторлық қарызды өндіріп алу туралы сот қаулысы шығарылды. Қалалық прокуратура жалақы қарызы толық  өтелмейінше бұл мәселені тұрақты бақылауға алатындарын мәлім етті.