Құрдасы мылтықпен жаралаған жасөспірім полицейдің ұлы болып шықты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда абайсызда атылған оқтан жараланған жасөспірім полиция қызметкерінің ұлы болып шықты. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Берік Аймұрзиннің мәлім еткеніндей, зардап шеккен жасөспірімнің әкесі департаментте тылды қамтамасыз ету жөніндегі бөлім бастығы болып жұмыс жасайды.

Оқиға абайсызда орын алған. Қылмыстық іс мылтықты сақтауда салғырттық танытқан үй иесі - ер адамға қатысты қозғалды. Оқиға кезінде үйде балалардың өздері болған. Олар сейфті кілтпен ашып, мылтықты алып, аула ішінде атқан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, қазір мойнынан жарақат алған бала облыстық клиникалық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесінде жатыр.

Еске салайық, оқиға 21 қаңтар күні болды. Жасөспірімдердің бірі екіншісіне абайсызда оқ атқан.