Күрделі экономикалық жағдайлардың шешімін бір жылға кешіктіруге болмайды - М.Сыдықназаров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мəжілістің мерзімнен бұрын төменгі палатаның сайлауын өткізу туралы бастамасы «100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыру бойынш биліктің заңнамалық жəне атқарушы міндетін жеделдетеді,-дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров.

«Мəжілістің мерзімнен бұрын төменгі палатаның сайлауын өткізу туралы бастамасы «100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша биліктің заңнамалық жəне атқарушы міндетін жеделдетеді. Бəлкім, кейбіреулер «парламенттік сайлауды өз уақытымен бір жылдан кейін өткізу керек еді» дейтін болар, бірақ, əлемдегі қиын экономикалық жағдайлардың шешімі бір жылды күте алмайды. Сонымен қатар, бүгін мəслихат сайлауын қоса өткізу туралы ұсыныс айтылды. Бұл жерде, демократия жағдайында өзін өзі басқарушы жергілікті биліктің жұмысында барлық деңгейдегі мəслихаттар үлкен орын алып отырғаны белгілі. Дəл осы мəслихаттар жергілікті биліктің, яғни, облыстардың бюджетін қалыптастырады»,-деген ол мəслихат сайлауының да маңыздылығын атап өтті.

«Тағы бір айта кететін жайт, қиын геосаяси жағдайлар мен сыртқы сын-қатерлерді ескергенде, еліміздегі əлеуметтік-саяси жобалардың жүзеге асырылуын кешеуілдетсек, жоғарыда айтқан жаһандық қиындықтар біздің елімізге төнетін қауіптерді күшейте түседі. Сондықтан, уақыт жоғалтуға болмайды. Еліміз тез арада дағдарыстың алдын алу жəне дағдарыстың салдарларын жою шараларына көңіл бөлуі керек. Жаңа Парламент сайлауы күн тәртібіндегі негізгі әлеуметтік-саяси мәселелер бойынша Қазақстанның азаматтық қоғамы мен билік арасындағы мәмілені заңды деп тануға мүмкіндік береді. Осылайша, заң шығару мен атқарушы билік әлеуметтік-экономикалық сұрақтарды шешуге бар күшті шоғырландыратын болады»,-дейді ол.