СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы ұйымдастырған іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және қоғам өкілдері қатысты.
Мониторинг топ барған алғашқы учаске «Астраханка-Смирново-Қиялы- Тайынша» автожолы. Ұзындығы 15 км. Тапсырыс беруші келісім бойынша «Кокшетауавтодор» ЖШС атқарылған жұмыс үшін 507,5 млн теңге шамасында беруі қажет.
«Жөндеу жұмыстары барысында тұрғындар тарапынан біраз арыз-шағым болды. Жол жиектері дұрыс істелмеген, асфальт жабындысының ені тым тар және кей учаскелерде ойықтар болған. Осы шағымдар бойынша ескерту айтылды. Жолдың шетін бекітуге байланысты ұйғарымдардың бірі әлі орындалған жоқ, мерзім 7 қарашаға дейін», - дейді арнайы мониторинг тобының жетекшісі Александр Бодуновский.
Тексеру барысында мониторингтік топ бірқатар олқылықты анықтады: жол кей жерлерде жарыла бастаған, ойықтар пайда болған. Жол белгілері анық көрінбейді.
Мердігер «Кокшетауавтодор» ЖШС өкілінің айтуынша, кемшіліктер осы аптада жойылады. Ал жарылған жердің асфальті енді тек күн жылынғасын ғана қайта төселмек.
Мамандардың айтуынша, асфальтқа салынатын жол белгілері тез өшіріледі.
Оған тек бірер айға ғана кепілдеме бар. Сол себепті жолды қабылдауда үнемі осы мәселе алдан шығады.
«Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы мамандарының айтуынша, сметалық бағасы 500 мың теңге тұратын жол белгілерінің кепілдік мерзімі небәрі 2 ай. Кейін учаске қолданысқа берілген соң мемлекеттік орган оны қайта салу үшін тағы компанияларды жалдайды. Бұл дұрыс емес», - дейді Александр Бодуновский.
Мониторинг тобы барған екінші нысан - «Казгородок-Горьковское» автожолында орналасқан. 15,328 км жолды жөндеуге бюджеттен 721 млн жуық теңге жұмсалды. Мұндағы жол сапасы жақсы, алайда жол жиектерін қалыпқа келтіру қажет. Мердігер компания – «Көкшетау жолдары» ЖШС оны таяу күндері жөндейтін болды.