Күрделі жөндеу жасалған ауыл мектебі қайта ашылды - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген мектептің есігі айқара ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшсі.

Аңғал батыр ауылындағы Амангелді орта мектебінде өткен шараға аудан әкімі Асқар Қиықов, облыстық мәслихаттың депутаты Берік Ақылбеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
 

Мектепке аудан әкімі жаңа модификациялы биология кабинетінің сертификатын табыс етті. Ал облыстық мәслихаттың депутаты Берік Секербайұлы өз атынан мектепке спорттық құрал-жабдықтар сыйлады.
 

Еске сала кетейік, аталған білім ошағында маусым айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Мектептің барлық терезелері ауыстырылып,  пластикалық терезелер салынды. Электр жүйелері, сынып бөлмелерінің есіктері ауыстырылды. Тозығы жеткен еден тақтайлары алынып, орнына жаңадан тақтай, линолеум, паркет төселді. Спортзалдың төбесі жөнделді. Күрделі жөндеуге трансферттер есебінен 88750,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 13200,0 мың теңге қаржы бөлінді.