Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін

АЛМАТЫ. Қазанның 12-cі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығы жүйесіне кіретін "Алматы" сауықтыру СПА курорты күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылды. Көпбейінді бұл сауықтыру орнының негізі 1967 жылы қаланған болатын. Онда Елбасының тапсырмасымен 2008 жылғы қаңтардан бері толықтай қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген еді.

"Бұл мекеменің өзгелерден бірқатар өзіндік айырмашылығы бар. Бірінші - бір корпустан екінші корпусқа ауысу өткелдері түгелдей жылытылған. Олар арнайы пантустермен жабдықталған, мүгедектер арбасымен қозғалатын адамдар үшін. Бұл нақты адамдарға жасалған қамқорлық. Мұнда келетіндер алғашқы кезекте жасы ұлғайған және арбаға мұқтаж науқастар. Екінші, емдеу мекемесі бұрынан жұмыс істеп келе жатқанымен онда 2200 метрден өндірілетін емдік су сарқылған болатын. Ол енді 3 мың метрге тереңдетіліп отыр. Қазір 2744 метрден 44 градустық температурада алынып отыр", - дейді ҚР Президентінің Іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаев. Оның айтуынша, емдеу орнының басшылығын тағайындау мен ондағы мамандардың біліктілігі мен көрсететін қызмет сапасына да ерекше назар аударылды. Онда науқастар емдеушілерді емес, керісінше сырқаттарға олардың жүгіріп жүріп сапалы қызмет етуіне үлкен мән беріліп отыр.