Күрделі жөндеуден өткен ауылдық мәдениет үйі қайта жаңғырды - Ақмола облысы

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Астархан ауданында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген ауылдық мәдениет үйі қайта жаңғырды. Бұл туралы аймақ басшысы Сергей Кулагиннің ауданға жұмыс сапары барысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы Жаңа тұрмыс аулындағы мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Өткен жылы мәдениет ошағына республикалық бюджеттен 31,1 миллион теңге қаржы бөлінген. Оған ғимараттың шатыры, қабырғасы, су, электрмен қамтамасыз ету жүйелерін жаңарту бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 

Сонымен қатар, облыстық бюджеттен бөлінген 9,2 миллион теңгеге мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Көрермендер залындағы орындықтар мен жиһаздар, музыкалық аппаратура және оргтехника тәрізді клуб жұмысына қажетті заттар сатып алынды.

 

Осы күні мәдениет үйі ауыл тұрғындарының қоғамдық және мәдени шараларын өткізетін ошағына айналып отыр. Тұрғындар енді ауыл мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе екен дейді.

Осы орайда, аймақ басшысы аталған білім ордасының оқушылары мен педагогтар ұжымыммен кездесіп, бұл мәселенің қолға алынғанын айты.

«Қазіргі уақытта бұл мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде», деді С.Кулагин.