Күрдістанның жұмысшы партиясының өкілдері Иракта қаруларын тапсырады

Фото: ntv.com.tr

АСТАНА. KAZIFORM – Түркияның Ұлттық барлау ұйымының (ҰБҰ) жетекшісі Ибрагим Калын Ирак Күрдістанының астанасына жұмыс сапарымен барды. Онда автономияның бірқатар жоғары дәрежелі өкілдерімен жүздесті, деп хабарлайды Kazinfrom меншікті тілшісі.

Эрбильде ол Күрдістанның демократиялық партиясының (КДП) көшбасшысы Масуд Барзанимен, автономды өңірдің президенті Нечирван Барзанимен, премьер-министр Месрур Барзанимен, вице-премьер Кубат Талабанимен және ішкі істер министрі Ребер Ахмедпен, сондай-ақ Күрдістанның қауіпсіздік кеңесінің өкілдерімен кездесті.

Тараптар Иран мен Израиль арасындағы әлі жалғасып келе жатқан шиеленісті талқылады, сондай-ақ Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа төнуі ықтимал қауіптер әңгіме өзегіне айналды. Әсіресе, өңірлік реттеу мен террроризмге қарсы күреске ерекше көңіл бөлінді. Басты мәселелердің бірі -Түркия мен көршілес мемлекеттердің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қарулы құрылымдарды қарусыздандыру мен жою үшін күш үйлестіруді қарастыратын «Террорсыз Түркия» бастамасын жүзеге асыру болды.

Түркияның Karar басылымының жазуынша, 2 шілде күні Сүлеймания қаласында айтулы оқиға болды. Күрдістанның жұмысшы партиясы ұйымының өкілдері демилитаризациялау шаралары аясында қаруларын өкілетті құрылымдарға өткізді.

Арнайы жазылып, БАҚ-та жарияланатын іс-шараға ұйымның жасы ең үлкен өкілдерінің бірі – Мұстафа Карасу қатысуы мүмкін деген болжам айтылды.

Байқаушылар Ибргаим Калынның Эрбильге сапарын осы шараның дайындығымен байланыстырып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, жоспар сәтті жүзеге асатын болса, ол Түркияның шекаралас аймақтары мен Иранның солтүстік аудандарындағы жағайдың тұрақтануы бағытындағы маңызды қадам болады.

Осыған дейін Күрдістан жұмысшы партиясы Түркия үкіметімен бітімге келетінін жариялағаны туралы жаздық.