Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда курьер ретінде қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айыру жоспарланып отырғаны туралы жарияланымдар шындыққа сәйкес келмейді.
«Бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін ата-аналарға республикалық бюджет есебінен бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Бұл жәрдемақылар алушының кейіннен жұмысқа орналасуына қарамастан толық мерзімде төленеді», – делінген хабарламада.
Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындалады.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл төлемнің мөлшері бала туғанға дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
«Әлеуметтік кодекс нормаларына сәйкес, аталған төлемдерді жұмысқа шығуына байланысты тоқтату тек алушының өз еркімен тиісті өтініш беруі арқылы ғана жүзеге асырылады», – деп атап өтті министрлік.
Сондай-ақ мемлекеттік орган БАҚ өкілдерін, блогерлер мен паблик әкімшілерін ресми ақпаратты жариялау кезінде азаматтарды жаңылыстыруы мүмкін тақырыптар мен тұжырымдардан аулақ болуға шақырды.
Айта кетейік, заңсыз декреттік төлемдерге қатысты 40-қа жуық қылмыстық іс қозғалды.