Күрес: Қос балуанымыз әлем чемпионатының қола медалі үшін белдеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Будапеште (Венгрия) өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим күресінен қос балуанымыз қола медаль үшін сынға түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Күрес түрлері федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 60 келі салмақтағы Айдос Сұлтанғали мен 67 келіде күрескен Мейіржан Шермаханбет жартылай финалда ресейлік балуандардан ұтылды. Айдос финалдық жолдаманы биылғы Еуропа чемпионы Сергей Емелинмен сарапқа салып, 0:9 есебімен ұтылды. Ал, Мейіржан Артем Сурковқа 1:3 есебімен есе жіберді.

Қола медаль үшін өтетін белдесулер бүгін өтеді. Балуандарымыздың қарсыластары жұбаныш белдесулерден кейін анықталады.

Сондай-ақ, бүгін бозкілемге 87 келі салмақтағы Азамат Құстыбаев та шыққан еді. Азамат алғашқы белдесуінде ресейлік Бекхан Оздоевтан жеңіліп, жарыстан шығып қалды.

Өкінішке қарай, Демеу Жадраев (72 кг) пен Мақсат Ережепов (82 кг) жұбаныш белдесулерін сәтсіз өткізіп, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік ала алмады. Демеу ресейлік Абуязид Манциговтен ұтылса, Мақсат Беларусь балуаны Виктор Сосуновскийге тізе бүкті.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін аталған әлем біріншілігінен еркін күрестен 57 келі салмақта Нұрислам Санаев күміс жүлдегер атанған болатын. Ал қыздарымыз жарысты жүлдесіз аяқтады.

Фото: www.wrestling.kz