КҮРЕС: Олимпиадаға жолдама саны 12-ге жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күрес түрлерінен Астанада Азия құрлығы бойынша Олимпиадаға іріктеу турнирінің үшінші күнінде Қазақстан құрамасы төрт жолдама алды. Грек-рим күресінің балуандары жолдама жолында жеңілді, деп хабарлайды alaman.kz сайты.

Әйелдер күресі

Жеңіл салмақтағы (48 келі) Жұлдыз Ешімова ширек финалда өзбек қызы Жақсымұратованы 10:0, жартылай финалда үндіс аруы Винешті 5:4 есепбімен жеңіп жолдама алды.

63 келіде күрескен Екатерина Ларионова жартылай финалда үндіс Антианы 8:2 есебімен ұтып, финалға шықты және жолдамаға ие болды.

Еркін күрес

86 келіде күрескен Аслан Кахидзе Олимпиада ойындарына жолдама алып берді. Ол жартылай финалда жапон Матсумотаны 6:3 көрсеткішімен жеңді.

Еркін күрестен аса ауыр салмақтағы (125 келі) Дәулет Шабанбай екінші мәрте Олимпиада ойындарына баруға мүмкіндік алды. Ол жартылай финалда қырғыз Аял Лазаревті 10:8 есебімен жеңіп финалға шықты.

Грек-рим күресі

66 күрескен легионер Магомед Чухалов жартылай финалда жапон балуаны Иноуеден 2:1 нәтижесімен жеңілді. Чухалов жолдамадан қағылды, тек үшінші орын үшін күреседі.

98 келіде белдескен еліміздің он дүркін, Азияның екі мәрте чемпионы Марғұлан Әсембеков уысындағы жолдаманы жіберіп алды. Жартылай финалда үндіс балуаны Хардеептен 11:2 есебімен жеңілді. Алғашқы айналымда Әли әл-Каабиді 8:0 нәтижесімен жеңген еді. Әсембеков әлі Олимпиада ойындарына бармаған.

Осылайша палуандар 12 Олимпиада жолдамасына ие болды.

Еске сала кетсек, келесі іріктеу турнирлері Ұлан-Батырда (Моңғолия) 22-24 сәуірде және екінші іріктеу Стамбұлда (Түркия) 6-8 мамыр күндері болады.