Күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты Астанада өтеді
31 қаңтар күні Астанада күрес түрлерінен (еркін, грек-рим және әйелдер) Қазақстан чемпионаты жалауын көтереді, деп хабарлайды Kazinform.
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті мәлім еткендей, ұлттық біріншілікке еліміздің 17 облысы мен Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан келген балуандар өзара мықтыны анықтайды.
Ел біріншілігінің нәтижесіннен кейін Бішкекте (Қырғызстан) өтетін Азия аймақтық, Стамбулда (Түркия) өтетін әлемдік іріктеу турнирінде бақ сынайтын балуандар есімі белгілі болмақ.
Айта кетейік, қазіргі ресми ақпарат бойынша, еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков пен грек-рим күресінен команда мүшесі Нұрсұлтан Тұрсынов ел чемпионатынан босатылған. Оған себеп – екі балуан да Париж Олимпиадасына жолдама алған. Сондықтан олар мақсатты түрде дайындыққа кіріспек.
Күрес түрлерінен Қазақстан біріншілігі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады.
Ел чемпионатының жеңімпаздары 5 ақпанда белгілі болады.