Күрежолдардағы медициналық құтқару бекеттері өздерінің тиімділігін көрсетті - ҚР ІІМ ТЖК

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күрежолдардағы медициналық құтқару бекеттері 4175 адамға көмек көрсетті. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті Халықты ақпараттандыру және оқыту бөлімінің бастығы Руслан Иманқұлов мәлім етті.

«Бүгінгі күні автожолдардың аса қауіпті учаскелерінде 40 медициналық құтқару бекеті жұмыс істейді. Олар медициналық жабдықтармен, су сақтауға арналған ыдыспен және жанармаймен жабдықталған. Бұл бекеттер қазіргі уақытта өздерінің тиімділігін көрсетіп отыр», - деді Р.Иманқұлов.

Оның атап өтуінше, өткен жылы аталған бекеттер 1188 мәрте жолға шығып, олардың қызметкерлері 4175 адамға медициналық көмек көрсеткен. 1003 адам емдеу мекемелеріне жатқызылған.

«Жол-көлік оқиғасы орын алған жерге бригадалардың жетуінің орташа уақыты 25 минутты құрайды. Бұл зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмекті барынша тиімді көрсетуге жеткілікті. Ал осы жылғы қыс мезгілінің басынан бері бүгінге дейін күрежолдардағы медициналық құтқару бекеттері 286 рет жолға шығып, 1319 адамға көмек көрсетті», - деді ол.