Құрғақ шөп өрті Ақтөбе облысында саяжай үйлерін шарпыды
Бүгін сағат 14:15-те Алға қаласындағы бау-бақша қоғамдастығының аумағында құрғақ шөп тұтанды. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалын саяжай үйлеріне тарап жатқанын анықтаған.
«Саяжай аумағында 59 үй бар. Оның 10-ы өртенді. Бұл үйлерде адам тұрмайды, тек бау-бақша дақылдары егіледі. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінен 26 адам және 5 техника жіберілді. Ал жергілікті атқарушы органдардан 10 адам мен 3 техника жұмылдырылды. Өрт сағат 16:30-да ауыздықталды. Қазіргі кезде оттың шығу себебі анықталып жатыр», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, бүгін сағат 10.40-та Ақтөбедегі қоқыс полигонынан тағы өрт шықты. Облыстық ТЖД баспасөз қызметі «Табыс Ақтөбе» ЖШС-ға тиесілі қатты тұрмыстық қалдық полигонының аумағында қоқыс және құрғақ шөп жанып жатқанын хабарлады.