«Құрғақ заң» Қытай экономикасына қалай әсер етуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы күндері Қытайда «құрғақ заң» терминінің мерейі тасып тұр. Бұқаралық ақпарат құралдары «ішімдікке қарсы ең қатал науқан» басталғаны туралы жарыса жазып жатыр.
Трендке айналған «құрғақ заң» тіркесі 2025 жылы 18 мамыр күні Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті (ҚКП ОК) мен Мемлекеттік кеңес жариялаған «Партиялық-мемлекеттік органдарда үнемшілдікті жақтау және ысырапшылдықпен күресу туралы ережені» меңзейді.
Құжат бірнеше мемлекеттік қызметкер жұмыс кезінде алкогольді ішімдік салдарынан көз жұмған атышулы оқиғадан кейін қабылданған болатын. Ережеде «еңбекқорлық пен үнемшілдік тәжірибесін нығайту» талаптары айқындалып, қызметтік қабылдаулар кезінде темекі мен ішімдік қолдануға қатаң тыйым салынатыны аталып өткен. Ізінше елдің әр өңірінде ережені іске асыруға байланысты нақтыланған және әлдеқайда қатаң қосымша ережелер қолданысқа енгізіле бастады.
DW жазуынша, кей өңірлер «үштен артық мемлекеттік қызметкердің бас қосуына, дастарқандас болуына» тыйым салған. Бұл жең ұшынан жалғасуға, жасырын топ құрауға жол бермеу үшін қабылданған шара деп түсіндірілген.
Ішімдікке қарсы кезекті науқандағы асыра сілтеушіліктер қытайлық сарапшылар қауымдастығының да назарын аударып отыр. Олардың пікірінше, ішімдікке тыйым салу – мемлекеттік қаржыны орынсыз жұмсаудың жолын кесу, билік пен байлықтың ауыз жаласуына жол бермеу, әлеуметтік-психологиялық климатты жақсартуға бағытталған.
Алайда, айтылған шараны іске асыру барысында кей аймақтар мен мемлекеттік мекемелер тиісті талапты шектен тыс қатайтып, «құрғақ заңның» мәні мен маңызын бұрмалап, кей жағдайда азаматтардың жеке өміріне килігуге, әлеуметтік-экономикалық дамуға шектеу қоюға дейін жетіп отыр. Мысалы, Сычуань провинциясында мемлекеттік қызметкерлерден жұмыстан кейін бірден үйіне қайту талап етілген. Ал Аньхой өңіріндегі мемлекеттік қызметшілердің бірі күн сайын жұмыс үстінде алкогольге қарсы тестілеуден өтуге міндеттелгенін айтып шағымданған. Ганьсудегі келесі бір мемлекеттік қызметшінің айтуынша, мемлекеттік мекемелердің қызметкері қатысуға болмайтын 20 түрлі басқосудың тізімін жаттап алу міндеттелген. Ухань қаласындағы мемлекеттік кәсіпорынның бірі қызметкерлерден түстікке әріптестерімен, басшыларымен бірге бармауды талап еткен. Сондықтан болар, қытайлық танымал Zhihu платформасының қолданушылары ішімдікке қарсы кезекті тыйымды «шын мәнінде, Қытайдың бюрократиялық жүйесінде өте жиі қолданылатын науқаншылдық тәсілдің тағы бір мысалы» деп бағалап отыр.
«Құрғақ заң» Қытай жетекшісі Си Цзиньпин ұзақ жылдар бойы қатаң ұстанып келген жемқорлыққа қарсы күрес пен партия тәртібіне баса мән беретін дәйекті көзқараспен сабақтас. Дегенмен, DW пікірінше, жаңа ереже бұған дейінгі бақылау шараларының жеткіліксіз болғанын паш етті. Сингапур ұлттық университетінің доценті У Мулуань қытайлық мемлекеттік қызметкерлер арасында ішімдікке байланысты дастарқан мәдениетінің шынымен өте күрделі мәселе екенін айта келіп: «Олар бұл жайтқа қарсы тиімді тәсілді әлі таппай отыр, сондықтан көбінесе барлығын бір шыбықпен айдауға бейім тұрады», - дейді.
Чжэнсинь зерттеулер орталығының директоры, экономист, Қытай үкіметінің стратегиялық кеңесшісі Чэнь Гуннің пікірінше, елдің әр аймағындағы асыра сілтеушіліктер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиянақты шарасы ретінде қолданысқа енгізілген «құрғақ заңды» бастапқы мәнінен айырып, экономиканың дамуына теріс әсер ете бастаған. Оның айтуынша, аталған саясатты тиімді іске асыру үшін түсіндіру және бақылау тетіктерін күшейту қажет. Ішімдікке қарсы тыйымның нақты әрі мақсатты түрде қолданылуын қамтамасыз етіп, артық шектеуге жол бермеген жөн. Ондай болмағанда, экономикалық дамуға ыңғайлы орта әзірлеу мүмкін емес.
Қытайлық БАҚ келтірген деректерге сенсек, «құрғақ заң» күшіне енгеннен кейін, байцзю (қытайлық арақ) өндірісіндегі 7 жетекші компанияның акциялары 10%-ға дейін құлдыраған. Елдің мәдени дәстүрі бойынша көбінесе дастарқан үстінде арақтың буымен шешілетін «іскерлік байланыстарға» қызмет көрсететін жоғары және орта санаттағы мейрамханалар науқанның дүмпуін сезіне бастаған, провинция орталықтарының біріндегі мемлекеттік мекемелерге жақын орналасқан ресторандардың 83%-дан астамының табысы 60%-ға дейін азайып, алды жабыла қалған.
Кей сарапшылар пандемиядан ес жиып үлгермеген қытайлық ішімдік нарығы 2012 жылдан кейінгі дағдарысты жағдайды қайталауы мүмкін деп дабыл қағып отыр.
Толық емес деректерге сүйенсек, 2012 жылға дейін қызметтік тұтынудың байцзю нарығындағы үлесі 40%-ға дейін жеткен, әсіресе орта және жоғары санаттағы алкогольді ішімдіктің негізгі тұтынушылары әр деңгейдегі шенеуніктер болғаны да құпия емес еді. Расталмаған мәліметтер бойынша, Қытайдың ұлттық бренді – Маотай өнімдерінің тұтыну құрылымында мемлекеттік сатып алудың үлесі 60%-ға дейін жеткен.
Оның ішінде жергілікті билік органдары қызметтік қабылдауға арналған алкогольді ішімдіктер тізбесін бекіту арқылы жергілікті байцзю брендтерінің дамуына тікелей қолдау көрсетіп келген еді. Бірақ, 2012 жылы Бас хатшының бастамасымен жолға қойылған атақты «8 тармақты ереже» енгізілгеннен кейін нарық ауыр соққы алып, дағдарысқа тап болады. 2013 жылғы қаңтарда байцзю өндірісіндегі компаниялардың акциялары күрт құлдырап, саланың нарықтық құны кемінде 28%-ын жоғалтады. Алкогольді ішімдік саласы бойынша биржаға шыққан 16 компанияның 15-інің акциясы 13%-дан 55%-ға дейін төмендейді. Қоғамдық тамақтандыру индустриясының, әсіресе жоғары санаттағы мейрамханаларының табысы күрт азайып, аса ауыр өтпелі кезеңге тап болады, нарық қайта қалыптасады.
Дегенмен, қытайлық сарапшылардың дені болашаққа үмітті. Олардың айтуынша, «құрғақ заң» қысқа мерзімді перспективада экономиканың дамуына, әсіресе арақ-темекі нарығы мен ас-су индустриясына айтарлықтай әсер етуі мүмкін, алайда, ұзақ мерзімді перспективада ішімдікке салынған тыйым саланың жоғары сапалы дамуына септігін тигізуге тиіс. Өйткені, өткен он неше жылда аталған салалардың мемлекеттік сатып алуға, нақтырақ айтқанда, қызметтік тұтынуға тәуелділігі айтарлықтай төмендеп, нарықтық сұранысқа бағытталған жаңа жүйеге көшіп үлгерген.
Мысалы, сала маманы Цзоу Вэнудың пікірінше, қазіргі күнде Қытайдың байцзю нарығында іскерлік және жеке тұтынудың үлесі 90%-дан кем емес. Жоғары сапалы ішімдіктерге сұранысты негізінен жоғары табысты тұлғалар қалыптастырып отыр, саясаттағы өзгеріс олардың тұтыну қабілеті мен дағдысына әсер ете алмайды. Сондықтан, «құрғақ заң» жоғары санаттағы ішімдіктің сатылымына азын-аулақ әсер етуі мүмкін, бірақ нарықтың тұрақты құрылымын өзгерте алмайды. Ортадан жоғары, орта және бұқаралық сегменттегі ішімдіктерге сұраныс алдағы уақытта тұрақты деңгейде сақталады.
Алайда, оң меже ішімдікке қарсы науқанның дұрыс бағытпен жүргізілуі туралы оптимистік болжалға негізделгенін ұмытпаған жөн. Егер шынымын асыра сілтеу бел алып, «құрғақ заң» азаматтардың жеке өміріне бақылауды күшейтудің құралына айналса, ол қалың жұртшылықтың нарыққа сенімін әлсіретіп, тұтынуды шектей түсуі мүмкін, ал бұл жаһандық бәсекелестікте ауыр сынға тап болған Қытай экономикасы үшін жағымды жаңалық болмасы анық.