Құрғақшылықтан зардап шеккен жамбылдық фермерлерге өтемақы төлене бастады

Жамбыл облысында жазда құрғақшылық болды. Нәтижесінде 6 ауданда жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Бүгінде құрғақшылық салдарынан зардап шеккен фермерлерге өтемақы беріліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

«Иә, жазда Жамбыл облысының 6 ауданында құрғақшылықтан төтенше жағдай жарияланды. Үкіметтің қаулысымен құрғақшылықтан зардап шеккен диқандарға 3,7 млрд теңге бөлінді. Диқандардың шығыны өтеліп жатыр», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов KazAgro-2023 халықаралық көрмесі барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, фермерлердің шығыны ғылыми ұйымдар әзірлеген технологиялық картадан алынды.

«Өңірлік сипатта төтенше жағдай жарияланған өңірлер бар. Әр ауданда жұмыс топтары құрылды. Олар тікелей шаруашылыққа барып, егіннің жай-күйі бойынша актілер жасады. Яғни, қанша өнім алынды, осы уақыт ішінде олар қанша субсидия алды. Ғылыми ұйымдар әзірлеген технологиялық картаға сәйкес залал сомасы сол жерден алынды. Біз алынбаған пайда туралы айтып отырған жоқпыз, су ресурстары тапшылығынан келтірілген залал сомасын алып тастадық», - дейді ол.