Құрық теңіз портында 7000 тонна жүк тасымалдайтын жаңа кеме суға жіберілді
АҚТАУ. KAZINFORM – Құрық порты құрғақ жүк таситын жаңа кемемен толықты. Бұл туралы Маңғыстау облыстық әкімдігі мәлім етті.
Бүгін Құрық теңіз портындағы Саржа терминалының айлағында құрғақ жүк тасымалдауға арналған жаңа кеме суға жіберілді. Кемеге Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, Ақтау қаласының Құрметті азаматы Нәсіпқали Марабаевтың есімі берілді. Аталған су көлігін жұмысын жаңа бастаған қазақ-араб бірлескен кеме қатынасы кәсіпорыны басқарады.
Іс-шара аясында теңіз дәстүріне сай кеме тұсаукесері рәсімі өткізілді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жиналған жұртты жаңа кәсіпорынның ашылуымен құттықтады.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік логистикасының стратегиялық маңызын атап өтіп, оны дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бүгінгі шара — сол тапсырмалардың іске асып жатқанын дәлелдейді. Нәсіпқали Марабаев ағамыз ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол тек Марабаевтардың ғана емес, бүкіл Маңғыстаудың әкесі. Еңбегі мен өнегелі өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету — біздің борышымыз. Баршаңызды осы тарихи сәтпен құттықтаймын! — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Заманауи техникалармен жабдықталған «Nasipkali Marabayev» кемесі құрғақ және жалпы жүктерді тасымалдауға арналған. Жүк көтергіштігі — 7000 тонна, ұзындығы — 136 м, ені — 16 м, биіктігі — 7 м. Әртүрлі климаттық жағдайда жұмыс істеуге бейімделген кеме ашық теңіздер мен өзендерде де қатынай алады. Онда 14 адамнан тұратын білікті қазақстандық экипаж қызмет етеді.
Шара барысында ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Жәнібек Тайжанов Транскаспий халықаралық дәлізін дамыту жөніндегі жобалардың жалғасатынын айтты.
Салтанатты шара соңында бірлескен кеме қатынасы кәсіпорынын ашқан қазақстандық Semurg Invest және БАӘ-нің Freeseas Container Shipping компаниялары Каспий теңізінде жаңа кемелерге инвестиция тарту туралы меморандумға қол қойды. Кәсіпорын 2027 жылға дейін кеме санын алтыға жеткізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, қазіргі таңда отандық Semurg Invest компаниясы Құрық маңындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының құрылысын жалғастыруда. Жоба аясында алты теңіз терминалының салынуы жоспарланған. Бұл терминалдар 2030 жылға дейін Транскаспий дәлізінің өткізу қабілетін жылына 5 млн тонна құрғақ және 7 млн тоннадан астам сұйық жүкке дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Транскаспий халықаралық дәлізі арқылы жүк тасымалы 10 млн тоннаға артады.