Курил аралдарында теңізге батқан шекарашыларды іздестіру жұмыстары қиындап отыр

АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - Курил маңында суға батып кеткен Ресей шекарашыларының денесін Кунашир аралының маңайынан іздестіру жұмыстары әлі жалғасуда. Қазір 5 шекарашының мүрдесі табылды, қалған бес шекарашы із-түзсіз жоғалған. Оңтүстік Курил айлағында 4 шекаралық және 2 азаматтық кеме жұмыстар жүргізуде. Ауа райының қолайсыздығына байланысты тікұшақтар іздестіру жұмыстарына қатыса алмай отыр, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

«Қазір Курил аралдарында желдің жылдамдығы секундына 22 метрге дейін жетті. Қарлы ауа райы да авиацияны жұмылдыруға кедергі жасап отыр. Шекарашыларды іздестіруге 60-қа жуық адам тартылды, 10 шақырым жағалау бойы қаралды, алайда, әзірге еш нәтиже жоқ», - деп хабарлайды іздестіру жұмыстарын жүргізушілер.

«Іздестіру жұмыстарына суға сүңгушілер де тартылған еді, бірақ олар ауа райының қолайсыздығына байланысты теңіз түбіне түсе алмайды. Жұмыстар күндізгі уақытта жүргізілуде», - дейді олар.

Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің шекара басқармасының қызметкерлерінің қаза болуына байланысты РФ ҚК 263-бабының 3-тармағы (теңіз көлігінің қозғалуы мен пайдаланылуында қауіпсіздік ережелерін бұзу және одан екі және одан да көп адамдардың қаза болуы) бойынша қылмыстық іс қозғалды.