Құрылыс қалдықтарын қоқыс жәшігіне тастауға бола ма

АСТАНА. KAZINFORM — Пәтерді жөндеу кезінде шыққан құрылыс қалдықтарын ауладағы қоқыс жәшіктеріне тастау заң талаптарына қайшы келеді. Заңгер Бақтияр Кәрім мұндай қалдықтарды қалай дұрыс шығару керегін және талапты бұзғандарға қандай жауапкершілік қарастырылғанын Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында түсіндірді.

Фото: Pexels

Заңгердің айтуынша, құрылыс қалдықтары тұрмыстық қоқыстан бөлек санатқа жатады.

Видеодан алынған кадр

— Бетон, кафель, сылақ сияқты құрылыс қалдықтары қоқыс контейнерлерінің тез толуына, қоқыс тасымалдайтын техниканың бұзылуына және санитарлық талаптардың сақталмауына себеп болады. Сондықтан заңнамада тұрмыстық және құрылыс қалдықтары жеке қарастырылады, — деді Бақтияр Кәрім.

Оның сөзінше, жөндеу жұмыстарынан кейін шыққан қоқыстарды азаматтар арнайы компания арқылы немесе полигонға жеке көлігімен апаруға болады.

— Ең бастысы қоқыстардың полигонға жеткізілгенін растайтын құжат немесе түбіртек болу керек. Ал тұрғын үйдің қоқыс контейнерлерінің жанында құрылыс қоқыстарын уақытша сақтауға болмайды. Тек тұрғын үй әкімшілігі арнайы орын бөліп, жеке контейнер қойған жағдайда ғана қысқа мерзімге рұқсат етіледі, — деді заңгер.

Бақтияр Кәрім мұндай құқықбұзушылық үшін бірнеше әкімшілік бап қолданылуы мүмкін екенін атап өтті.

— Мұндай жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы, 344-бабы және 434-2-бабы қолданылуы мүмкін. Егер дәл осындай құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе артады, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін, Астанада абаттандыру талаптарын бұзғандарға 57 млн теңгеден астам айыппұл салынғаны жайлы жазған едік.