Құрылыс министрі жаңа кодекс жобасын әзірлеуге жұмсалған қаражатқа қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеуге жұмсалған қаражатқа қатысты түсінік берді.
- Жалпы, кодекс жобасын әзірлеуге 363 млн теңге бөлінді. Осыған қатысты тексеріс те болған еді. Атап айтқанда, бірнеше жыл бұрын осы құжат жобасын әзірлеуге конкурс жариялау жоспарланған. Бұл тұрғыда Әділет министрлігінің еншілес ұйымдарынан, «Атамекен» палатасы жағынан, сондай-ақ жеке компаниялар мен ҚазҚСҒЗИ тарапынан ұсыныс болды. Бірінші кезеңде ұсыныстардың барлығы 1 млрд теңге шамасында белгіленді. Дегенмен, біздегі ведомствоға бағынышты ұйым ең төменгі бағаны ұсынды. Осыдан кейін мемлекеттік тапсырыс аясында тиісті рәсімдер ұйымдастырылып, аталған сома 363 млн теңгеге дейін төмендеді, - деді Е. Нағаспаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда ол депутаттық корпустың наразылығынан кейін тиісті тексеру болғанын айтты.
- Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тексеруді өткізді. Жалпы, қаржы бағытында талаптарды бұзу жағдайы анықталмады. Бірақ, техникалық сипаттағы қателік орын алған. Бұл мәселеге қатысты министрліктің жауапты қызметкері жазаланды, - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Құрылыс кодексінің жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.
Еске салсақ, былтыр Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу кезінде бүркемеленген заң бұзу фактісіне жол бергенін айтқан еді.
Сонымен қатар Премьер-министр Олжас Бектенов депутат Б. Базарбектің Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу кезінде заңсыздықтарға жол берілгені туралы сауалына жауап берді.