– Қала құрылысы қызметінің ашықтығын, сондай-ақ қала жобаларын әзірлеу мен оны іске асыруда сәйкестікті қамтамасыз ету үшін министрлік құрылыс объектісінің бірегей нөмірін енгізу бойынша жұмыстарды атқарды. Бұл құрылыс басталғаннан бастап пайдалануға берілгенге дейінгі құжаттардың нысаналы мақсатқа сәйкестігін тексеруге мүмкіндік береді, - деді ол Үкімет отырысында.
Сондай-ақ вице-министр нүктелі құрылысқа жол бермеу үшін 2024 жылғы қаңтар айынан бастап бірыңғай қала құрылысы сараптамасы іске қосылғанын атап өтті.
— Жаңа механизм құрылысты жоспарлау кезеңінде нормаларынан ауытқуды, сондай-ақ егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының бас жоспарға сәйкес келуін қадағалауға мүмкіндік береді. Тиісті сараптамадан өткеннен кейін қала құрылысы жобасының эталондық нұсқасы қала құрылысының кадастрлық жүйесіне түседі. Осылайша жоспарлаудың ашықтығы қамтамасыз етіледі, - деп түйді сөзін Қуандық Қажкенов.
Айта кетейік, Президент Алматы облысының әкіміне жолдардың құрылысына баса мән беруді тапсырды.