Құрылыс саласындағы барлық қызмет «бір терезе» қағидаты бойынша атқарылады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Құрылыс кодексінің жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылауға түсінік берді.
- Соңғы жылдары «Doing Business» көрсеткішін жақсартуға бағытталған шаралардың салдарынан сәулет пен құрылыс салаларындағы мемлекеттік бақылау деңгейі төмендеді. Бүгінде құрылыс нормаларын сақтау міндеті тікелей сала қатысушыларының өздеріне жүктелген. Нәтижесінде, құрылысқа толыққанды бақылау мен қадағалау жүргізілмейді. Осыған байланысты, жаңа Құрылыс кодексі аясында бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған жаңа тәсілдер әзірленді. Мысалы, былтырдан бастап «жедел әрекет етудің» жаңа тетігі енгізілді. Қадағалаудың жаңа фарматы заң бұзылған жағдайда, жедел шара қолдануды көздейді. Қажет болған жағдайда құрылыс жұмыстары тоқтатылып, лицензия мен өзге де рұқсат құжаттарын қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылған. Құрылыс сапасын қатаң қадағалау үшін бақылау органдарының қатысуымен құрылыс барысы «жоспарлы инспекциялау» арқылы басынан бастап, пайдалануға берілгенге дейін тексерілетін болды, - деді Ерсайын Нағаспаев.
Оның айтуынша, енді профилактикалық бақылау қашықтан, яғни объектіге бармай-ақ жүргізілетін болады. Бұл үшін мемлекеттік органдардың деректері мен ақпараттық жүйелер пайдаланылады, қажет болған жағдайда дереу шара қабылданады. Сонымен қатар, әкімдіктердің жұмысына да бақылау артып, заң бұзуды алдын алу шаралары күшейтіледі.
- Құрылыс кодексі жобасында нысанды қабылдау кезінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мен төтенше жағдай органдарының міндетті түрде қатысуы қарастырылған. Олар нысанның пайдалануға дайын екендігі туралы қорытынды береді. Жаңа заңнамалық өзгерістер құрылыс циклінің басынан аяғына дейін мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздеп отыр, - деді министр.
Атап айтқанда, жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс саласына бағытталған бірқатар міндеттерді орындауды тапсырды. Сол міндеттердің бірі – жыл соңына дейін құрылыс саласындағы барлық процестерді толық цифрландыруды қамтамасыз ететін Бірыңғай ақпараттық жүйе әзірлеу. Қазіргі кезде салада бірнеше ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Осыған байланысты Кодекс жобасында саланы цифрландыруға айрықша назар аударылып, жеке бағыт ретінде қарастырылды.
Кодексте Мемлекеттік ақпараттық модельдер банкі функционалын кеңейту негізінде Бірыңғай құрылыс порталын құру көзделген, яғни құрылыс саласындағы барлық қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілетін болады.
- Порталда барлық дербес жүйелерге сілтемелер болады, және жұмысты ыңғайлы ету үшін EGOV жүйесі арқылы бірыңғай авторизация енгізіледі. Соның арқасында қолданушыларға деректерді бір рет енгізу жеткілікті, әр жүйеге бөлек кірудің қажеті болмайды. Дербес жүйелер арасында ақпарат алмасу үшін бірыңғай идентификатор, яғни нысанның жеке сәйкестендіру нөмірі қолданылады. Ол нысанға алғашқы рұқсат берілген сәтте бекітіледі. Осылайша, порталда құрылыс нысанының барлық кезеңі қамтылып, басты назар құрылыс жұмыстарының ашықтығы мен сапасына аударылады. Сонымен қатар, порталда сала мамандарын тестілеу, сертификаттау және олардың реестрі автоматты түрде жүргізіледі, - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, құрылыс саласындағы жалған компанияларды анықтаудың тетігі іске қосылады.