Министрлік eGov платформасында азаматтар арасында сауалнама жүргізіп, жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасты және еңбек адамдарының қоғамдағы орнын зерттеген. Сауалнамаға 1 305 адам қатысты.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 76,2%-ы еңбек адамына құрмет көрсетуді маңызды қоғамдық құндылық деп есептейді.
Ал елдің алдағы дамуы үшін ең қажет мамандықтардың көшін құрылысшылар бастады. Респонденттердің 20,3%-ы құрылыс саласының мамандарын ел үшін аса маңызды деп атаған.
Одан кейінгі орындарда:
ауыл шаруашылығы қызметкерлері — 16,7%;
өнеркәсіп өндірісінің мамандары — 14,8%;
электр мамандары — 14,4%.
Сауалнамаға қатысушылар дәнекерлеуші, коммуналдық қызмет маманы, механик, жүргізуші, аспаз, слесарь және машинистердің еңбегін де жоғары бағалаған.
Зерттеу барысында еңбек адамдарының жетістіктері де сұралған. Респонденттердің 19,5%-ы бүкіл елге үлгі боларлық жұмысшы мамандарды нақты білетінін айтқан. Ал 51,6%-ы жұмысшы мамандардың жетістігі тұтас бір саланың дамуына қосқан үлесімен маңызды екенін атап өткен.
Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 47,7%-ы еңбек адамдарының қоғамдағы жағдайына және осы бағытта мемлекет қабылдап жатқан шараларға көңілі толатынын білдірген.
Ал 41,2% респондент жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және олардың қоғамдағы мәртебесін көтеру бағытындағы жұмысты жалғастырып, қосымша шаралар қабылдау қажет деп санайды.
Осылайша, сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың еңбек адамдарының ел дамуындағы рөлін жоғары бағалайтынын көрсетті. Сонымен бірге жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
Cауалнамаға 1 305 адам қатысты. Олардың 53,1%-ы — әйелдер, 46,9%-ы — ерлер. Қатысушылардың 61,2%-ы сауалнама кезінде жұмыс істеп жүрген азаматтар болған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда шетелдіктерге арналған сұранысқа ие мамандықтар тізімі кеңейтілетінін жазғанбыз.